Өскеменде «Үміт» Балалар үйінің ханзадасы мен ханшайымы анықталды

618
көрілім
Фотосуреттер газет мұрағатынан

Жылда ұйымдастырылатын шара биыл ауқымын кеңейтіп, қалың көрермен алдында өтті. Балалар жылы аясында ұйымдастырылған байқау бес жұптың басын қосып, бүлдіршіндер өзара тартысқа түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Металлургтер сарайындағы концерт залында ине шаншар орын болмады. Балалар пандемиядан кейін  көпшілік алдында өнер көрсетіп, сайысқа түсуді сағынып қалған. Сахнаға беттеп келе жатқанда қошемет ұрып, қолдау білдіргендер қарасы айрықша еді. Бұл уақытта қазылар тарапы да таныстырылып, Х фактор байқауының жеңімпазы Евгений Выблов бастаған жүргізушілер қатысушыларға алғашқы тапсырманы ұсына бастады. Шараның тақырыбы әр жылы өзгеріп отырады. Балалар үйінің директоры Майра Баймұқанқызының қолдауы мен әрдайым тамаша идеялар ұсынып жүретінін айта кетпеу әбестік болар. Демеушілер жағын біржақты етіп, жеткіншектер бақ сынайтын жарыстарға жан бітіретін де осы жан. ШҚО Білім басқармасының «Үміт» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әрі байқау ұйымдастырушысы Сәуле Әлімбаеваның сөзінше, қатысушылардың дені 5-7 жас аралығы. 

Бір ұл, бір қыз жұптасып, «Таныстыру», «Ертегі әлемі» және «Өнер сайысы» деп аталатын кезеңдер бойынша мүмкіндіктерін паш етті. Сырт көзге барлығы тым жеңіл көрінді. Балалар үйінің басшылығы ұйымдастырды, қатысушылар сахна төріне шықты, қазылар бағасын берді, бітті. Жо-жоқ, мұның артында көрер көзге байқалмайтын ауқымды еңбек жатыр. Әр бүлдіршіннің киімі мен оның реттілікпен көпшілік алдына шығуы – сахна артындағы педагогтердің табанды еңбегінің бір көрінісі.
– Мұны әр бала өз анасына барып, киімін ауыстырды десек болады. Олардың арасындағы байланыс жұртшылық ойлағаннан анағұрлым берік, – дейді Сәуле Рахметуллақызы. – Педагогтеріміз осындай байқау ұйымдастырып, басы-қасында жүріп әбден үйренген. Шараның жүргізушісі Евгений Выблов үлкен сахналарда өнер көрсетпесе де, бірнеше жылдың жүзі болды, бізде педагог-ұйымдастырушы болып жұмыс істеп жүр. Жалпы, дәстүрлі байқауға әзірлікті қыркүйек айында бастадық.
Тәрбиешілердің өздері демеуші іздеп, қарбалас шаққа түскен. Сәуле Әлімбаева айтқандай, осындай бір турға 380 мың теңге кетеді екен. Әйтеуір әр турға қарай демеушілер  табыла кетіп, бүлдіршіндер үшін сайыс соңы керемет мерекеге ұласып жатты. Ал би жағына келсек, жауапты хореографтар да сахна артында жүрді. Атап айтсақ, «Аққу-үміт» би ансамблінен Нұргүл Омарханқызы, акробатикалық би бойынша Ольга Викторовна бар. Вокал жағынан Ерболат Зәкиұлы мен Елдар Өмірзақұлы біршама білікті маман деді. 6-7 жастағы балақайлардың біркелкі қимылдауы қиын-ақ, алайда мұның барлығы сайыс кезінде біржола ұмытылады.


Сонымен алғашқы кезең өтіп, қатысушылар өздерін түрлі мемлекеттің тұрғындары ретінде таныстырды. Әлемнің бес елінен (Мексика, Қытай, Африка, Германия) және Чукоткадай суық өңірден келді. Григорий Кудрявцев пен Кристина Бельская ең бірінші болып шығып, бір шумақ таныстыруларын мүдірмей айтып берді. Қатысушылардың барлығы мемлекеттік тілге судай екен, ұйқасты сөйлемдерді мәнерлеп тұрып жеткізді. Сәуле Рахметуллақызы көрермендер қатарында отырып бүлдіршіндерге мейірлене қарайды, олар сахна шетіндегі педагогтерге қарап қояды кейде.

Міне, осындай үштіктің берік байланысы біртұтас дүниенің туындауына әкелген. Иван Изотов пен София Потапова Қытай елінің қуыршақтарын таныстырса, ең соңғы болып Александр Кудрявцев пен Дарья Чеботару  шықты да Чукотка жұртының аязға қалай шыдас беретіндерін көрсетті. Қалалық мәслихат депутаты Арайлым Есімбекова, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген бастаған қазылар тарапы баға қоярда басым көбіне кілең бестік көтерді, тек арагідік төрттер көзге шалынды. Бұл аралықта түрлі би ұжымдары мен әншілер өнер көрсетіп, шара көркін қыздырып жіберді.


Екінші кезеңде «Ертегілер әлеміне» саяхат жасап, қатысушылар киім үлгісіне қарай кейіпкерлердің кім екендерін тапты. Бұл сында да аса қатты қиналмады. Сірә, дайындықтары  жоғары болды.
Өнер көрсету сайысында да ешбірі тізгін тартып қалмады. Би ұжымдарына қосыла, үйлесімді ырғақты қимыл жасай білді. Сахнада тек өздері қалғандай, қалың жұрттан еш қысылған жоқ.

Евгений Выблов


– Бұлардың арасында өнері тасыған балақайлар жетерлік, Еуропаны түгел аралап шықты десек болады. Германия, Австрия, Чехия елдері, Түркияның өзіне төрт рет барды. Халықаралық фестивальдердің тұрақты қатысушылары. Тек бағыт берсе болды, – деді ұйымдастырушы.
Сөйтіп, Балалар жылы һәм Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген байқау қорытындысы шықты. Қазылар алқасы біртіндеп сахнаға беттеп, алдымен аталымдарға ие болған жұптардың есімін атады.
1. «Көрікті-сымбатты»  – «Обоятельная-привлекательный»: Григорий-Кристина
2. «Нәзік-қайратты»  – «Нежная-мужественный»: София-Иван
3. «Өнерлі-өнерлі»  – «Талантливая-талантливый»: Ева-Сұлтан
4. «Инабатты-парасатты»  – «Учтивая-рассудительный»: Дарья-Александр


Бұдан соң дәстүрлі байқауда жеңімпаз атанып, төрт жұптан қара созған қатысушылардың кім екені белгілі болғандай. Максим Строй мен Кристина Аржанова жан-жаққа жымия қарап, іштей құттықтай бастады бірін-бірі. Жүздерінен қуаныш лебі есіп тұр. Әу баста жинақы қимылдап, әрі қадамын нық басқан бүлдіршіндер көрерменге қол бұлғап, көпшілік қуанышына шомыла бастады. Демеушілер мен балалар жанашырлары түрлі бағалы сыйлықтарын ұсынса, Мәдениет басқармасы басшылығы облыстық Драма тетатрының қойылымдарын тегін тамашалауға 30 балаға арналған сертификат табыстады.
Бұл да бір біткен іс. Ендігісі әралуан көйлектерді жиыстырып, құрал-жабдықтардың барлығын көліктерге апару қажет. Сырт көзге шағын ұжымның үлкен гастрольдік сапарына ұқсап кетті. Сыртта сынап бағанасы -30°C аяз, ал концерт залының іші балалар күлкісінен әлдеқашан жылып кеткен.

Әділхан ЕСІМХАНОВ