Өскеменде үздік ұстаздар марапатталды

500
көрілім

Облыс орталығында "Педагогикалық идеялар панорамасы" республикалық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімі белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шығыс топырағында үздік оқытушылар есімі белгілі болып қана қоймай, "Ұстаздар үйінің" ашылуы да өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Аймұқашев қатысып, аталған мекеменің ұстаздар қауымы тәжірибе алмасатын құтты орын болатындығына зор сенім білдірді.

- Мұндай "Ұстаздар үйі" республика көлемінде некен-саяқ. Соның бірі біздің аймақта ашылып жатқанына қуаныштымын. Әр ұстаз бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеуге барын салатынын ескерсек, мұнда аудандардан да мұғалімдер келіп біліктіліктерін арттырып, қызықтырған сауалдарына жауап ала алады, – деді Ерлан Қапарұлы.

Бұдан кейін келген меймандар жоғарыда аталған "Педагогикалық панормалар идеясы" байқауының марапаттау рәсіміне ағылды. Еліміздің әр өңірінен келген ұстаздар алған жүлделеріне қарай диплом және бағалы сыйлықтарға ие болды. Бұл жерде бірінші орынның көбі павлодарлық ұстаздарға бұйырса, бес жерлесіміз екінші және орындардан көрінді. Соның бірі – семейлік Алуа Бимбетова. Айтуынша, аталған сайысқа педагогикалық шеберлігін шыңдау мақсатында қатысқан.

– Сайыс мен үшін ерекше өтті. Себебі осы арқылы өзге өңірлердегі ұстаздармен тәжірибе алмасып, білмегенімді толықтыруға мүмкіндік алдым. Мұнымен қоса, облыс әкімі Даниал Ахметовтың мектебіміздегі физика кабинетін жабдықтауға қолдау танытуы мұғалімдерге жаңа мүмкіндіктер жасады, – дейді үшінші дәрежелі дипломмен марапатталған оқытушы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ