Өскеменде «Жер аманаты» комиссиясының отырысы өтті

529
көрілім

«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиынға «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері және тиісті сала басшылары қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару мәселесі бойынша қабылданылып жатқан шаралар туралы және Ұлан ауданында ет өңдеу кешенін салу үшін жер бөлу мәселесі қаралды.

- Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Бүгінгі күні бүкіл республика көлемінде ауыл тұрғындары үшін жайылым жердің жетіспеушілігі өте өзекті мәселе болып отыр. Жайылым мәселесі ұзақ уақыт бойы қордаланып келді.  Республика көлемінде аталған мәселені шешуге облыстық филиалдардың жанынан «Жер аманаты» комиссиялары құрылып, белсенді жұмыс істей бастады. Біз де бұл жұмысқа лайықты үлесімізді қосамыз деп сенемін, - деді «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы, «AMANAT» партиясының ШҚО филиалының атқарушы хатшысы  Сайрангүл Жұмаділова.  

Шығыс Қазақстан облысында бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күніге дейін облыс бойынша мемлекеттік меншікке ауыл шаруашылығы мақсатындағы 37,1 мың га жер қайтарылды.

- ҚР Үкіметі биыл жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан 5 млн. га жерді, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 100 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтару міндетін қойды. Өңірдің жаңа шекараларында 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша облыстың қалалары мен аудандарының жергілікті атқарушы органдары 19,6 мың га пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтады, - дейді ШҚО Жер қатынастары бақармасының басшысы Надежда Михейлис.

Комиссия тұрақты негізде жерді қайтару мәселесі бойынша партияға түскен өтініштерді қарап, жерді қайтару тетіктері бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, «Жер аманаты» республикалық комиссиясына ұсынып отыратын болады.