Өскеменде жетім қалған 30-дан астам бала қамқорлыққа алынды

306
көрілім

Соңғы бес айда облыста Халыққа қызмет көрсету орталықтары ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету бойынша 30-дан астам игілікті іс атқарған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.   


Бүлдіршіндерді қамқорлық пен қорғауға алу – жетім немесе отбасы жылуына зәру балаларды асырап алу мен патронатқа алудан мүліктік құқықтардың болуымен өзгешеленетін бала алу формасы. Еліміздің заңнамасы бойынша ата-анасы бас тартқан немесе ата-ана құқығынан айырылу салдарынан, сондай-ақ ата-анасы қайтыс болып, жетім не еш қолдаусыз қалған балалар қамқорлыққа алынады. Көп жағдайда туысқандары қамқоршы атанып жатады, алайда туыстық қатынасы жоқ болса да қамқорлыққа алуға мүмкіндік бар.


- Баланы қамқорлыққа алатын азамат мемлекеттік корпорацияның фронт-офисіне барып құжаттарды тапсыра алады. Келіп өтініш білдірген азаматқа қажетті құжаттар тізімін береміз. Ескерте кететін тағы бір жағдай соттылығы бар, табысы аз не болмаса денсаулық жағдайы келмейтін азаматтарға бала қамқорлыққа берілмейді, - деп мәлімдеді «Азаматтарға арналған үкімет» облыстық филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.


Соңғы жылдары жетім не қамқорсыз қалған балаларды асырап алу көрсеткішінің оң динамикасы байқалады. 2017 жылы қамқорлыққа алу бойынша 63 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 2018 жылы фронт-офистер арқылы 221 қызмет рәсімделген.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ