Өскемендегі қалалық кітапханада белсенді жастар бас қосты

391
көрілім

О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығы шаһардағы белсенді жастардың басын қосты. Кездесуге әр түрлі саланың белсенділері қатысып, өз ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 Шараның мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру.
- Бүгін қаламыздағы жастардың басын қосып, еркін сұхбат құрдық. Жас белсенділер тек оқу орынның төңірегінде ғана белсенділік танытып жүр. Енді біз осы белсенді ұйымдарды қалалық деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Өскеменді жастар қаласы етіп құрғымыз келеді, - дейді Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Бақытжан Ерболқызы.


Кездесу барысында белсенді жастар студенттердің дамып, өркендеуі үшін тек оқумен ғана шектелудің жеткіліксіз екендігін айтты. Ол үшін оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарды және өзін алға жетелейтін сүйікті ісімен айналысуға шақырды.
Бүгінде Өскемен қаласында 53 мың жас бар. Жастардан жасақталған белсенді 30 ұйым тіркелген. Сонымен қатар, қала бойынша 1200 ерікті бар.
Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығының директорының уақытша міндетін атқарушы Бақытжан Ерболқызының сөзіне сүйенсек, жастар ұйымдарына кіруге ынта білдірген жастар көп.


Осы орайда айта кетейік, қоғамдағы кейбір адамдар осы жастар ұйымының жұмысын жиі сынға алып жатады. Шын мәнінде ерікті болу еріккеннің ісі емес, ердің ісі. Себебі қаламыздағы қоғамдық жұмыстар жастарсыз өтпейді. Жастар қашан да бастамашыл болып қалады.