Өскемендегі Калбинский тұйық көшесінің атауы Колбинмен байланысты ма?

2285
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Соңғы жылдары облыс көлемінде ономастикаға қатысты отырыстар жиі өткізіліп, көшелердің атауын қазақыландыруға жіті мән беріліп келеді. Кейде 15-20, кейде жеті-сегіз көше атауы өзгеріске еніп жатады. Жуырда редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз Куленов ықшам ауданында күні бүгінге дейін Колбин атындағы көше барын айтып, әкімдік өкілдерінің әлі әрекет етпей отырғандарына таңданыс білдірген еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Қайдан көрсетілген құрмет?»

Газет тілшісі бірнеше жыл бұрын аталған тұйық көшеге барып, өскемендіктердің өзегін өртеп, өткеннің ызғарын қайта сезінгендей күй кешірген жайтқа қайда жетелеген тақтайшадағы жазуды көріп қайтқан болатын. Ол кезде Калбинский деп тұрған еді. Соңғы рет барғанымызда тұйық көше атауы жазылған тақтайшалардағы үш түрлі нұсқаны көзіміз шалды. Сенер-сенбесімізді білмей, фотоаппарат камерасын әбден жақындатып түсірдік. Оқырман наразылығы орынды, нақ солай екен?! Колбин көшесі деп тұрды! Бұл қалайша? Көңіл көкжиегінде сауалдың бірнеше түрі қылаң беріп, тұйық көше атауы қойылуы мүмкін нұсқалар бірінен соң бірі ой елегінен өтті. Тұрақты оқырмандарымыз 86-ның суығы қаншама қазақ жастарының болашағын балталап жатқанда билікке жайғасудан басты үміткер Геннадий Колбиннің өңірге қандай қатысы бар дегенді алға тартты?

– Тұйық көше атауы Колбин есімімен байланысты болса Өскеменге сіңірген қандай еңбегі бар? Тәуелсіздік деп біркісідей атап өтіп жатқанда, 35 жыл бұрынғы бүліктің басталуына себеп болған шенеунік құрметінің осыншалық тасығаны ма? – десті оқырмандар.

Үнемі байқалатын үш атау

Шынымен де, Геннадий Колбин деген кім? Не себепті басқа емес, соның кандидатурасы ұсынылды? Төменгі Тагилдегі Свердловск облысының тумасы жас күнінен инженерияға жақын өскен. Зауыттарда партком, кейін обком хатшысы болып, мәнсап баспалдағымен сенімді көтеріліп келе жатты. Ресми ақпараттарда ащы суға құмартпай, қайта соның жабылуы үшін аянбай тер төккен деп жазылған. 1983 жылдан 86 жылға дейін Ульяновск облысында обкомның біріншісі хатшысы қызметін тып-тыныш атқарып жүргенінде басшылықтың шұғыл шақыртуымен Алматыға алып-ұшып жетті. Әрі қарай айтудың өзі артық болар, жергілікті жастар кеңес өкіметінің жендеттерімен қан-жоса қақтығысқа түсіп, біршамасы түрменің «төрінен» табылды.

Дәл осы мәліметтер тұйық көше атауын көрген сайын көкіректерін қан жылататын болулары тиіс, оқырмандар қала әкімдігінің пәрмен берулерін талап етті. Сұраухат бірден шаһар басшылығына жіберілді. Себебі қысқа көшенің өзінде «Колбин қалтарысы», «Калбинский переулок» және «Переулок Колбинский» деген үш түрлі жазу тұрды. Неліктен тұйық көше емес, қалтарыс деп тұрды? Бұл да аударма кезінде жіберілген өрескел қате.

Тез арада түзетіледі

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сариннің сөзінше, әу бастағы атау Қалба жотасымен орайластылып қойылған. Колбиннің қатысы жоқ.

– Қалба тұйық көшесі (Калбинский) 1991 жылы Куленов ықшам ауданында орналасқан атаусыз тұйық көшеге берілді. Ұлттық танымға жақын жер-су атауларын жаңғырту мақсатында Қалба тау жостасына байланыстырылып аталған. Тұйық көше атауы жазылған тақтайшалар желтоқсан айының 16-на дейін түзетіліп, қайта қойылады, – деді ол.

Қала көлемінде ең ұзын Бажов көшесі мен Сограға дейін созылып жатқан Абай даңғылында тақтайшадағы жазу бұрнағы жылдардан бері көрер көзге үйреншікті. Бір ғана сөз. Көңілге қонымсыз тұсы сол, ұзындығы тас лақтырымдай-ақ тұйық көшеде үш тақтайшаның үш түрлі атауға ие болуы. Оған қоса, Қалба деген сөз бірде-бір мәрте ұшыраспады. Осыдан 30 жыл бұрын қойылып, қазақшадан орысшаға аударғанда әп-сәтте бұрмалануы мүмкін атаудың қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бақылауынан шығып кеткені өздеріне сын болар. Ол аздай сұраухатта тұйық көше деп, ал тақтайшада қалтарыс деп көрсетулері «аудармашылар» тарапының қазақ тіліне деген немкеттіліктерін аңғартқандай. Айтуларынша, дұрыс атаудың шығу төркіні жайында тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Ал тұйық көшеге атау 1991 жылы берілгендіктен аймақ тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілгендігін растайтын құжаттан іздестіріліп жатқан сыңайлы.

***

Қалқаман Сарин сөз еткен Қалба тау жотасы жайында қысқаша ақпарат ұсынсақ, Алтай тау жүйесінің оңтүстік-батысында орналасқан. Алтайдан оны Ертіс өзенінің аңғары, батыс бөлігін Сарыарқадан Шар және Көкпекті өзендерінің аңғары бөліп жатыр. Әкімшілік тұрғысынан облыстағы Жарма (батысы), Ұлан және Көкпекті аудандарының жерін қамтыған. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 400, ал ені 120 шақырымға жуық (орта тұсында).

Әділхан ЕСІМХАНОВ