Өскемендегі Назарбаев мектебінде «Ұрпақтар сабақтастығы» атты жоба басталды

316
көрілім

Жоба мектеп оқушыларының ата-әжелерді қамқорлығына алып, өнегелі кездесулер, қоян-қолтық шаралар ұйымдастыруды көздейді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

1 қазан - «Қарттар күні» мерекесінде бұл жобаның барлық межесі ашылып, «үлкенге құрмет» деген ұстаныммен шаралар легі бастау алды. Назарбаев Зияткерлік мектебі Өскемен қаласындағы жалғыз басты ата-әжелердің басын қосып, қазақ халқының «астан биік емеспіз» деген ұлықты тәрбиесімен ақ дастарханда салиқалы сұхбаттан басталды. Мектеп оқушыларының сүйікті жобаларының бірі «Қазақ әндері» жобасы аясында композитор Ш.Қалдаяқовтың әсем әндері кеш қонақтарымен бірлесе орындалса, 12 «Д» сынып оқушысы Әлішер Самархан күй тарту орындады. Келелі отырыс барысында мектеп директоры Жұпат Ерниязова құрметті қонақтарға өз тілегін арнады. Алдын-ала қариялармен танысып үлгерген шаңырақ қауымдастығы оқушылары, «менің әжем», «біздің атамыз» деп қуаныш сыйлауды мақсат етіп көздей отыра, өздері әзәрлеген сыйлықтарын табыстады. Мектеп ұстаздары да бұл өнегелі шарадан тыс қалмады. Кештің құрметті қонақтарына 10 дана Республикалық «Білімді ел» газетінің жылдық басылымы сертификатарын сыйға тартты.
«- Бүгінгі «Қарттар күні» мерекесімен барша ақ жаулықты, ақ сақалды ата-әжелерді құттықтаймыз. 21 ғасыр – ақпарат заманында, алдыңғы буынның атқарған арда еңбегін, ерлігін тек 9 мамыр – Жеңіс күнінде, наурыз мерекесі және осындай мерекелерде ғана ескермей, жылдың 365 күнінде де ұмытпауымыз керек. «Жақсы қартайса, жазып қойған хаттай» демекші, сіздердің өмір жолдарыңыз, өрен еңбектеріңіз біздің оқытушылар мен оқушыларға үлгі, білім, өнеге» - дейді Жұпат Ерниязова.
«Ұрпақтар сабақтастығы» атты жобасы «Өмір кемесіндегі күзгі саяхат» тақырыбындағы бүкіл мектеп оқушыларының, ұстаздар қауымының қымбатты аталары мен әжелеріне арналған мерекелік бағдарламаға жалғасты. Өткен ғасыр мен жаңа заманның өмір салтын байланыстырған ән мен күй кеші көптің көңілінен шықты. Сонау 60-шы жылдардың сән салтанаты, 70 жылдардың билері, 80-90 жылдардың әндері көрермендердің сағыныш сезімдерін ойнатып, уақыт құдіретін танытты. Кеш соңында ақ жаулықты әжелер мектеп ұжымы мен оқушыларына ақ баталарын тіледі. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Өскемен қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері, 50 жыл ұстаздық еткен Ленста Әубәкірова оқушыларға алғыс айтты.
- «Бүгінгі кеш үшін барлық ұжымға алғысымды білдіремін. Адам тәнімен қартайса да, жанымен қартаймайды. Жүрегі мәңгі жас болып қала береді. Бүгінгі мерекені «Қарттар күні» емес, өзімше, «Ардагерлер күні» деп атайтын әдетім бар еді. Расында, біз де жас болдық, осындай оқушылар іспеттес сахнада тұрып, өз заманымыздың қарияларына тағзым еттік. Сол кезде біз ата-әжелерімізден естіген алғысты, бүгін біз де, сіздерге жеткіземіз», - дейді Ленста Әубәкірова.
«Ұрпақтар сабақтастығы» - өткен мен бүгінді, балбыраған жас ұрпақ пен алдыңғы буындағы ата-әжелердің басын қосатын алтын көпір іспеттес жоба. Жоба тек мектеп қабырғасында өткен концерттік бағдарламамен емес, қайырымдылық акцияларымен де жалғасын табады. Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушылары жоба аясында Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылдық округіндегі қарттар үйіне де өз қолдарымен жасалған бұйымдарынан сәлемдеме жолдап, бірінші қажеттіліктегі заттармен қуантты. Дәстүрге айналған «Біз біргеміз» жобасы аясында мектеп оқушылары облыс орталығындағы қарттар үйіне үстел ойындарын, әдеби кітаптар жинау апталығы да жас зияткерлердің зор ықыласымен жалғасуда.