Өскемендегі Өнер музейінде Алғыс айту күні атап өтілді

609
көрілім

Шығыс Қазақстан өнер музейінде Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына орай «Күш бірлікте» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

1 наурыз ел көлемінде ресми түрде Алғыс айту күні болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай Өскемендегі әр ұлт өкілдері өнер ошағында бас қосып, мерекелік кештің мерейін асырды.

– Еліміздің бірлігі мен ертеңі үшін ұлтаралық ынтымақтастықты, берекені қашан да алдыңғы орынға қоямыз. Осы шараларды өткізу арқылы жас буынға елін, жерін сүюді насихаттаймыз. Ең бастысы, әр ұлт өкілдері тату-тәтті күн кешіп, «Мәңгілік елге» айналуды мақсат тұтуы керек, – дейді Шығыс Қазақстан өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева.

Шараға 3477 әскери бөлімінің қызметкерлері мен сарбаздары да қатысты.

– Шараның мақсаты – мемлекетіздің ішкі ынтымағын арттыру. Сонымен бірге жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Барлық ұлттардың бірлесіп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы еліміздің еркін дамуына өз үлесін қосып келеді. Ұлт бірлігі мемлекетіміздің күші. Сол қасиетімізді жоғалтпауымыз керек, – дейді 3477 әскери бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары Руслан Бөлегенов.

Мерекелік шарада түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар өткізілді. Сондай-ақ бағдарлама аясында Халықтар Достығы Үйінің жанынан құрылған белорусьтік «Гармония» триосымен шығармашылық кездесу өтті. Ансамбль қатысушылары көрермендерге өздерінің шығармашылығымен бөлісіп, белорус және басқа халықтардың әндерін шырқады.

Таунар ҚАЙРАТ