Өскемендегі пәтерлер қашан жылиды?

1985
көрілім

Қараша айының 27-сі күні тұрғындар әлеуметтік желіде пәтерлерінің іші суып, қаладағы жылу электр орталығында апат болды деп жазды. Мекеме тарапынан тиісті ақпарат уақтылы ұсынылмай, келеңсіз жайттың немен байланысты екені бірден айтылмады. Кейін мәлім болғандай, қорғаныс жүйесінен ақау болып, ең қуатты деген №15 қазандық істен шыққан. Сайт тілшісі осы мәселеге үңіліп көрді.

«Ондай ағаттық кетпеуі керек болатын»
Осыған орай Өскеменде арнайы брифинг өткізілді. Онда қаланың қай көшелерінен өтініш-шағым түскені айтылды. «Өскемен жылу желілері» акционерлік қоғамының техникалық директоры Асхат Буқатов Қасым Қайсенов, Пермитин мекенжайларын атап өтті. Яғни, бір ғана аумақтан емес, әр күні қаланың әр нүктесінен қоңыраулар мен хабарламалар түсіп тұрған. Ата-аналар балабақшаның суықтығынан балаларын үйде қалдыруға мәжбүр болды.  Атап айтқанда, №45 балабақшадағы «Қайнар» тобына 25 жеткіншектің тек екі-үшеуі ғана барып жүрген. Үй иелері қыркүйек айында ақша жинап, жылытқыштар сатып алғандарын айтты. Алайда қараша айының соңында атқа қонған аяз барлығын жоққа шығарды. Ойын және жатын бөлмелердегі температура -10°C-ға дейін түсіпті.


– Терезелердегі резеңке ескіреді. Соларды ауыстырайық деп тағы ақша жинадық, – дейді ата-аналардың бірі. – Бірақ еш көмегі болмай тұр. Тәуекел етіп, балаларын балабақшаға әкелген кейбірі суыққа шыдамай кейінірек қайта алып кетіп жатты.
Қала әкімі Жақсылық Омар шаһар бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 445 шақырым, қазіргі уақытта барлығы штаттық режимде істеп тұрғанын айтты. Әлеуметтік нысандардың іші жылып, ешқандай мәселе байқалмаған. Ал «Өскемен жылу орталығы» ЖШС бас директоры Айдын Бексолтанның айтуынша, таралып жатқан көп мәліметтер бір-бірімен кереғар.


– Орталықта қазір сегіз турбоагрегат жұмыс істеп тұр. Желілік судың температурасы 99°С. Сенбі күні қатты аяз басталып, бұл уақыттары қорғаныс жүйесі істен шығып, мамандар дереу соны жөндеуге кірісті. Бір жарым сағаттан кейін қалыпты температура көрініс беріп, ақау реттелді, – деді Айдын Ордабекұлы. – Қуанышқа орай, апат болған жоқ. Ал қорғаныс жүйесінің бұзылуы жабдықтарды сақтап қалуға негіз. Иә, ондай ағаттық кетпеуі керек болатын, бірақ қазандық тез ретке келтірілді.

«Суды жылытуға біршама қуаттылық керек»
Бұл уақытта сынап бағанасы 30°С аяздан түспей тұрғандықтан, желілік суды жылыту үшін бірнеше күн уақыт қажет болған. Мамандар қала тұрғындары қыс басталмай тұрып бұлай жаурамас та еді дейді, №15 қазандық ең қуатты болғандықтан, өзгеріс бірден байқалған. Айдын Бексолтан әрі қарай «Өскемен жылу электр орталығы» мен «Өскемен жылу желілері»  желілік судың айналымы бойынша сараптама жасап, нәтиже сағатына 700-1000 тоннаға дейін төмендеп кеткені белгілі болды.
– Қала қысқа дайын емес. Алғашқы ызғар біліне бастағанда мәселелер де бірінен соң бірі қордалана кетті. Үйіміз суық. Суық деген де жай сөз! Ол аздай қаланы газ тұмшалап, қалың тұманнан демала алмайсың. Халық бәрін күтіп, шыдаулары тиіс дейді, бірақ нені екені беймәлім, – дейді жергілікті тұрғын Екатерина Коробейникова.
«Өскемен жылу желілері» АҚ жөндеу жұмыстары бойынша директоры Тоқтар Ақтайлақов су айналымының былтырмен салыстырғанда төмендеп кеткенін жоққа шығармады.


– Былтыр аязды күндердің өзінде 13500-13700 тонна су айналымы жүзеге асырылатын. Ол қалыпты. Ал биыл 14500 тоннаға жетті. Бір тонна айырмашылық айтарлықтай байқалады. Суды жылыту бойынша біршама қуаттылық керек, – деді ол.
Бұл уақытта Лев Толстой, Буров, Астана 30 мекенжайларында да пәтерлердегі температура 15-17°С екендігі жазылды. Мәлім болғандай, қаланы жылумен қамту үшін ЖЭО-дан бөлінетін градус 120°С-ға жетуі тиіс. Жауапты тұлғалар су көлемінің көбеюіне байланысты бірнеше жыл бұрын мұны 110°С-ға дейін төмендетілгенін сөз етті. Тоқтар Ақтайлақов «Бізде бір кездері 10 мың куб су болса, биыл 14500-ге жетті» деді.


Сайып келгенде, шенеуніктер Өскемен Екібастұздың кебін кимейді, тек жағдай қалыпқа келгенше уақыт қажет екенін айтып сендірді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қаладағы құбырлар 70% ескірген. Жауапты тұлғалар бұған кім кінәлі дегенге «Жабдықтардағы автоматтандыру іске қосылғандықтан, апат болғандай әсер қалдырды» деп жауап қатты.