Өскемендегі «Сергек» камералары жыл басынан бері 1600-ден астам құқық бұзушылықты анықтады

547
көрілім
Шартты фотосурет

Өскемендегі «Сергек» камералары 2020 жылдың басынан бері 1600-ден астам құқық бұзушылықты анықтаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгінгі таңда Өскеменде 1 700 «Сергек» камерасы жұмыс істеп тұр. Олар шаһардың әр түрлі аудандарында орналасқан. Камералардың барлық жазбалары ведомствоаралық бірыңғай ситуациялық орталыққа жіберіледі. Сол жердегі құқық қорғау органының қызметкерлері қаладағы жағдайды көзбен бағалап, тәртіптің сақталуын қадағалайды.

– Жыл басынан бері «Сергек» камераларының арқасында 1620 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 25 қылмыс ашылды. Мысалы автокөліктің мемлекеттік нөмірін шешіп алу фактісі анықталған. Тағы бір жағдайда, камералардың көмегімен ұрланған көлік табылды, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ ведомство өкілдерінің мәліметінше, «Сергек» камералары ер адамды сабап кеткен бұзақыны қолға түсіруге көмектескен.