Өскемендегі Жамбыл саябағының жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталады

434
көрілім

Қала тұрғындарына танымал демалыс орнындағы жұмыс барысы туралы музей-қорықтың баспасөз қызметі мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Жамбыл саябағында қайта жөндеу жұмыстары жалғасуда. Алаңдарда воркаутпен айналысу үшін құрылғылар орнатылған. Бұдан басқа сәндік үшін гүл өсірілген вазон құмыралар да қойылған.
Саябақ орындықтарының саны да артпақ. Балалар ойын алаңы қосымша жарықтандырылып, өзгеше кейіпке енеді.
– Саябақтың қақ ортасында жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа арналған жаңа ескерткіш орнатылады. Авторлары белгілі алматылық мүсіншілер – Сәрсен Сиитов пен Қазыбек Дулатов. Ескерткішті орнату осы жылдың қыркүйек айының соңына жоспарланған. Саябақты абаттандыру бойынша барлық жұмыстар сол кезде аяқталуы тиіс, – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының баспасөз қызметі.