Өскемендік Елена Хардина тазының Әлемде неліктен мойындалмай жүргендігінің себебін айтты

5747
көрілім

Сыртқы тұрқына қарап әлеуетіне басқаша баға беріп жататын сыншылар аз емес. Ал шынтуайтында иттің тектісі, яғни тазыдан асып аңға түсетіні жоқ. Бабаларымыз ықылым заманнан көненің сарқытын жалғай түскен саятшылықта желдей ескен жылдамдыққа ие тазының қазақ қоғамындағы қазіргі орны қандай? Жалпы кинолог мамандар жер-жаһанда тазы деген тұқымның барын мойындай ма деген сауал туындайды. Бұл мақалада соңғы жазылған сөйлемнің сөз емес, іс жүзінде күшіне енуі үшін күні бүгінге дейін жиып-терген тәжірибесін сарп етіп жүрген өскемендік Елена Хардина жайлы жазылмақ. Ұлты орыс болса да, иттер көрмесі мен фестивалінде қазақтың ұлттық киімін киіп, көпшілік назарын өзіне аударған жерлесіміздің қазіргі жоспары қандай екен?

Қан араластырудың қажеті жоқ

Әйтсе де жоспар дегеннен гөрі, тазы жанашырының жанкештілік танытып, еліміздің әр түкпіріне дүркін-дүркін хат, тұқымы текті жануарды Халықаралық кинологтар федерациясына (ары қарай ХКФ, ағылшынша FCI) таныту қадамдары қалай болып жатыр деу жөн болар. Әлбетте, осыншалық жауапты жұмысты ерлер емес, нәзік жандының қолға алғандығы таңырқатпай қоймас. Ол ол ма, қазір түрлі пысықайлардың орынсыз әрекеттерінен тазының таза қаны бұзылып, тұқымындағы өзгерістерге алып келуде. Елена Хардинаның сөзінше, аңдаусызда келген басты ағаттық – осы. Яғни қазақы тазымен орыстың қылшық жүнді тазы итін шағылыстыру қазақ қоғамында ұлттық құндылықты жоғалтудың алғашқы қадамы деп білуіміз керек. Екеуінің қанын араластырудағы мақсат не? Қылшық жүнді тазының қаны араласса қазақи тазы аңға шыққанда бүркітше шүйіліп келіп, жемтігін қас пен көздің арасында бүріп алып, ұмар-жұмар етеді-міс. Сол сияқты түркіменнің салюкиін іске араластырырса тұрпаты одан әрі сұлулана түседі дейтін көрінеді.

Фестиваль сәтінен

– Олай етуге болмайды. Ата бабамыз иттің осы бір асыл тұқымын қолға үйретті. Тазының өзіне ұқсас тұқымдардан айырмашылығы неде? Біріншіден, орыстың қылшық жүндісінен гөрі әлде қайда төзімді. Қылшық жүнді тазы қысқа қашықтықты әп сәтте еңсергенімен, ұзай түссе ентігіп, егесі ерге өңгеріп, болмаса арбаға салып жүреді. Түрікменнің салюкиі мен орыстың тазысы иіс алудан бұрын көз алдындағы аңға ғана шабады. Ал қазақы тазыда екеуі де бар, – дейді жерлесіміз.

Бабаларымыз заманында киізүйдің бір бұрышынан орын беріп, бағасына жеткен тазының қандай артықшылықтары бар? Адам айтса нанғысыз төзімділікке ие көрінеді. Өкінішке қарай, қазір біртіндеп ағылшын тазысын (грей) ұстап өсіру сәнге айналып келеді.

– Иә, ол да жаман емес. Құлағы қазақи тазыдан кішірек әрі артқа қайырылып тұрады, дене бітімі ірі, – дейді тазы жанашыры. – Ал терісі жұқа. Қара суық пен қысқа тоңғақ келеді. Қазіргі ит әуесқойлары тазы өсіруді қойып, ағылшынның грейін әкелуге әуестенген. Оларға «Екі жыл қыста байқап көріңдер. Тоңып, мазасы кеткен соң қайта бас тартасыңдар» дедім.

Керек кезде күшін үнемдейді

Осыны мысал ете отырып, кейіпкеріміз қайтадан тазының артықшылығына тоқталды. Алаш баласының көнеден үзілмей сақталып келе жатқан сарқытының бірі – саятшылық. Тазысыз аңшылықтың құны төмен. Олар сәйгүліктің соңынан күн ұзаққа, тіпті тәуліктеп еріп жүруге қауқарлы. Кейде айналаның сан алуан құпиясына алданып, бір сәт ойға шомғандай үн-түнсіз келе жатқанымен аяқасты бойын тіктеп, сыбдырды естісе иіс ала жөнелетіні рас. Әу баста құлықсыз кейіп танытқан жануар қас-қағым сәтте кейпін өзгертіп, бойына тыңнан күш-қуат құйылғандай болады. Салтатпен сайын даланы шарлап шыққан егесі тоқтап, атынан түсе бастаса, тазы да жер бауырлап жата қалады. Күшін үнемдейді.

– Иә, Ресейдің қылшық жүндісі қарға адым жерге жеткізбей кетуі мүмкін. Десе де соған сәйкес тез алқынады. Ол аздай, марал, елік, түлкі дейсіз бе, сүт пісірім уақыт өтпей сілікпесі шыға бастайды, ал тазы әлі қуып келеді, – деген пікірден-ақ қазақы тазының қанын өзге тұқымдармен шатыстырудың еш жөні жоқ екендігін аңғардық.

Бұл жерде қылшық жүндінің қысқа қашықтықта қазақ тазысын қапыда қалдыруының бір себебі – ол жақта жер жағдайы жазық келеді. Сондықтан бағытын кілт бұрмай, алға басады. Дәл сол тұқымды елімізге әкелген соң бірқатарының аяғы сынып, аңға жете алмаған. Себебі таулы, қыратты жерде жемтік бас сауғалаудың қамымен кілт бұрылып, ыңғайсыздық туғызады. Қазақы тазы мұндай «тосын сыйлардың» бәріне әзір. Керек десеңіздер, көз ілеспес жылдамдықпен ағып келе жатып, кілт солға, не оңға бұрылатын ит тұқымы ілуде біреу ғана болар.

«Бабаларымыз тазыны табиғи жолмен іріктеген»

Қазір Елена Витальеваның үйінде күшіктерімен қосқанда 14 ит бар. Тазы мен неміс овчаркасынан бөлек, қаңғыбас иттер де паналаған. Дос-жарандары қонаққа келерде иттерін ала келуін өтінсе, жерлесіміз ойланбастан «Қалағаныңша әкеле бер» дейді екен. Үйдегі қожайын өзі болғандықтан төрт аяқты достары айтқанынан шықпайтын көрінеді. Кей жағдайда қонақтар шәуілдек күшігін ерте келсе, тәртіпке бағынған жануарлар шектен шығып бара жатқандарына бір сәт азу тісін ақситып сес көрсетеді. Одан еш нәтиже болмаса, егесінен бұзақыны тәртіпке салу үшін рұқсат сұрағандай ренішті де сұсты кейіп танытады. Осыдан барып, Хардина ханым тазыны мүлде қиындық туғызбайтын, әуре-сарсаңға салмайтын ақылды да парасатты жеті қазынаның бірі дегенге тоқталды.

– Арғы бабаларымыз бағзы заманнан табиғи іріктеу жүргізген. Малға шапты ма, адамға жүгірді ме – атып тастады. Қазақ жерінің ұлан-ғайыр алқапқа ие болып, климатының өзгеріп отыруы тазы өсіруде орасан басымдық беруде. Алматыда күн ыстық, иттері де ұсақ келеді. Бауырын жазып жүгірейін десе қар жоқ. Шығыста қыс қытымыр, күз ортасындағы қара суық та өтімді. 10-15 жыл бұрын Алматыдан тазылар әкелгенде қыста жүндері қалыңдамай, қатты жаураған еді. Ал облысымыздағы тазылар аязға үйреніскен, былайша айтқанда күн суытқанда «киініп алады», – дейді таза асыраушы әйел.

Кейіпкереміз облыстағы тазылардың нақты санын айту мүмкін еместігін жеткізді. Анығы сол, ел көлемінде текті тұқымдылардың саны – 1000-нан асып жығылады. Осы ретте тазылар санағын жүргізуге семейлік әріптестерінің сүбелі үлесі барын айта кетейік. Әйтсе де өзге аймақтарда қаншама тазы мен күшігіне әлі күнге дейін құжат ресімделмегені өкінішті-ақ. Құжат ресімдемей, оның санын көз мөлшермен айта салу әбестік. Тазының санын көбейтіп, тұрпатын ірілетемін деп алабаймен шағылыстырғандары да болыпты. Бұлай жалғаса берсе, тазының табиғи құндылығы құлдырайтыны сөзсіз.

Салбурыннан естелік

«Тазы тұқымы мойындалмаған!»

Кейбір мемлекеттер «бір емес, бірнеше ит тұқымымыз бар» деп жар салса, елімізде әлі біреуі де мойындалмаған.

– Бәлкім, бұлай деуім біреулердің қытығына тиер, алайда «Қансонар» қауымдастығының құрылуынан тұқымды тіркеуде бәлендей өзгеріс болды дей алмаймыз. Қайта соның арқасында қара бастың қамымен қаржы игеріп отырғандары бар, – дейді кейіпкеріміз. – Біздің тұқымды Халықаралық кинологтар федерациясына тіркеу үшін белгілі бір мөлшерде әртүрлі желідегі тазының санын өткізу қажет. Мәселен Орал өңірінде ресейлік тазылар болса, біздің өңірде жануардың қаны бөлек. Тазылар қанының бөлек болуына қарай федерациядағылардың тіркеу мүмкіндігі артады.

Мәселен, неміс овчаркасының құжаты түгел, федерацияның тізімінде тұр. Ал қазақы тазы мойындалмаған тұқымдар қатарында! Өжеттігі мен өрлігі қатар қалыптасқан қайсар әйел халықаралық көрмелердің біріне барғанда қазақы тазының мойындалмаған тұқым санатына тіркелгенін көргенде қатты қымсынып, кірерге тесік таппағанын жасыра алмады. Себебі Әлем үшін тазы деген тұқым жоқ! Ал басы бүтін тіркеуден өту үшін федерация жолдаған қатаң талаптарды бұлжытпау керек. Кейіпкеріміздің сөзінше, ХКФ-пен келісімшарт тек Қазақстан кинологтар қауымдастығы арасында жасалған. Тазыны күллі әлемге танытудың жолын жатпай-тұрмай іздеумен жүрген жан түбі бір нәтиже боларына шәк келтірмейді. Тек сын сағатта беттің арын беліне буып, құндылықтан гөрі қалтасын қампайтудың қамымен көрпені өзіне тартпаса.

Халықаралық федерация жергілікті қауымдастықпен серіктес болуға кетәрі емес. 2015 жылы Қапшағайдағы иттер көрмесінде ұлттық киіммен қазақы тазыны жүгіртіп жүрген қимылы ширақ, ақсары өңді әйелді көріп, бірден назар аударған FCI Президенті Тамаш Яккель «керемет тұқым, тізімге тіркеуді қолға алыңдар» деген. Оған қоса, бұл әрекеттің сағызша созылмай, аз уақытта жүзеге асырылуы үшін қолдауын аямайтынын да жеткізген. Әйтсе де соған сәйкес белсенді қимыл ешкімнің тарапынан байқалмады. Кімнен сұраса да «бар ақпарат миымызда тұр» деп атүсті қарайды. Ал бұл жерде бастағы білім емес, әр күшік пен иттің шығу тегіне құжат керек. Сол құжаттың барлығы ҚКО-ға жіберілуі міндетті. Тиісті санына жеткен соң мемлекет атынан тек бір ұйым ғана FCI-ға мәлімет жіберіп, тізімге тіркелуге бір табан жақындайды.

Өзге мемлекет иемденбесе игі

Манадан бері айтылып жатқан Қазақстан кинологтар одағын Өскеменде жүріп Елена Хардина басқаруда.

– Ең негізгі жұмыс – ҚКО-ға тазылардың ені бойынша деректер жіберу керек. Ол жерде жауапты мамандар барлығын бір жүйеге келтіріп, ХКФ-қа құжат ресімдейді. Иттің ен-таңбасына қарай неғұрлым көп құжат ресімделсе, федерациядағылар тазы санының көптігін байқап, өсім бар екендігін назарға алады, – дейді жерлесіміз. – Шыны керек, қазір бұл бағытта тек Шығыс Қазақстан ғана жүйелі жұмыс атқаруда.

Ал «Қансонар» қауымдастығының өз беттерінше әзірлейтін құжаттары тіркелуге жарамсыз екен. Яғни олар ұсынған күшіктің шығу тегі туралы құжаттың заңдық күші жоқ. Сонда оларға асыл тұқымды итті апарса, олар берген құжаттан соң әп-сәтте қаңғыбасқа айналып шыға келеді. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегеннің кері осы шығар. «Қансонарлықтар» тазыны өз беттерінше тіркеуді жөн санаған. Осы үшін Финляндияға байланысқа шығып, қазақы текті тұқымды Халықаралық федерацияға тіркеуге жәрдем сұрапты. 300 мың доллар ақша берсе олар келісіп тұр. Десе де жат елдің көмегін қабыл алса, тазы қазақтыкі емес, финндерге тиесілі тұқым болады. Бар мәселе – «қансонарлықтардың» ҚКО-ға бағынудан бас тартуынан болып тұрған жоқ па?!

Елена Витальевна әлі де мақсатынан тайқымаған. Қарбалас жұмыспен қатар отбасына да бар жылуын төгіп келеді. Немерелері жауапкершілік жүгі мол жұмысты ың-шыңсыз атқарып отырған әжелерін мақтан тұтары сөзсіз. Әр көрмеге ұлттық нақыштағы көйлектерін алма-кезек киіп, қазылар мен қалың көрерменнің ілтипатына бөленіп келеді. Жуық арада асыл тұқымды иттің бойындағы бар қасиетті бойына сіңірген тазыны Әлем мойындап жатса, бұл Хардина ханымның өлшеусіз еңбегінің нәтижесі деп білсек, қапы айтпаспыз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ