Өскемендік каратэшілер онлайн турнирде үздік шықты

505
көрілім

Сайыстар тоқтатылып, спортшылардың үйді-үйлеріне тарқасып кетулеріне себеп болған жұқпалы індетті ысыра тұрып, каратэшілер кім мықтыны онлайн турнир арқылы анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz  сайтының тілшісі.
Отандық каратэ федерациясының мұрындық болуымен өткен бәсекеге шығысқазақстандық спортшылар да қатысқан болатын. Киокушинкай-кан каратэнің ката тәртібі бойынша өткен жарыста әр қатысушы үйлерінде бапкерімен бірлесе әзірлеген жаттығуларын орындады. Жүлделі орындарды балалар, жасөспірімдер, жастар, сондай-ақ ересектер де сарапқа салды.

Жекелей видеолар әлеуметтік желідегі топқа жіберіліп, төрешілер тиісті бағасын берді. Қатысушылардың ұзын-ырғасы 100-ге таяу болды. Жастығына қарамай, біршама  талантты спортшының томағасын сыпырған Әліби Қанқожаевтың шәкірттері де бұл сыннан шет қалмай, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, Алдияр Талғатов, Әлихан Сейілханов және Шыңғыс Мағауия топ жарды. Санжар Жұманов пен Исмаил Болатов күміс жүлдегер атанса, қола медаль Ералы Ердәулетовке бұйырды. Осылайша жерлестеріміз сайысты алты жүлдемен аяқтады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ