Өскемендік семсерші әлемдік Гран-при кезеңінде қола медаль еншіледі

355
көрілім

Жерлесіміз Вадим Шарлаимов Будапештте өткен әлемдік Гран-при кезеңінде қола медаль иеленіп, бапкерлер сенімін ақтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жерлесіміз осыған дейін талай мәрте халықаралық турнирлерде бақ сынап, жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп жүрген еді. Бұл жолы Мажарстан астанасында ел мерейін асырып, жүлдегерлер үштігін түйіндеді. Вадим алдымен өз тобында бес мәрте жеңіске жетіп, тек біреуінде жеңілген. Бұдан кейін тағы бір кездесуде бабы келісіп, үздік 96 спортшының қатарына ілінді. Үздік 64 семсершінің сапына ену үшін Израиль елінің өкілінен басым түссе, келесі күні испандық семсершіден айласын асырды. Бұл жеңіс жерлесімізге үздік 32 спортшының қатарына өтуге мүмкіндік берді.

– Әрі қарай Нидерланды елінің өкілі Бас Вервейлиннен басым түсіп, үздік сегіздікке ену үшін финляндиялық қарсыласымды жолынан ығыстырдым. Артынша жапондық Минобе Казуясты аз ғана басымдықпен ұтып, жартылай финалда әлемдік семсерлесу спортында өзіндік қолтаңбасын қалдырған франциялық Яник Борелмен жолықтым, – дейді Шарлаимов.

Десе де жерлесіміз Борелдің тегеурініне шыдас бере алмай, дүбірлі доданың қоласын қанжығалады. Өзінің айтуынша, аталған медаль жекелей жарыста алған алғашқы жүлдесі. Себебі осыған дейін бірнеше мәрте командалық есепте тұғыр сатысына көрінген болатын.

Әділхан ЕСІМХАНОВ