Өскемендік студент мүмкіндігі шектеулі жандарға «SOS мобильді бағдарламасын» ойлап тапты

547
көрілім

«IT мамандарын даярлау» жобасы аясында «Әлеуметтік мәселелердің IT шешімдері» байқауының жеңімпаздар қатарында Өскемен қаласының студенті де бар. Өскемен политехникалық колледжі білім алушысының жобасы үздік деп танылған жұмыстардың бірі, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


«Нұр Отан» партиясы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық байқау үш ай бойы әр өңірдегі үздік жобаларды анықтаған. Барлық жұмыстар қазіргі таңдағы әлеуметтік проблемалардың шешу жолдарына арналды. Мысалы бірінші орынға ие болған Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жобасы көзі нашар көретін және көру қабілеті түстерді айыра алмайтын адамдарға арнайы жасалған құрылғы. Сол сияқты екінші орын иегері Талдықорған Жоғарғы Көпсалалы колледжінің «Writing Printer» көзі нашар көретін адамдардың оқу, жазуына көмектесетін жоба марапатталды. Ал шығысқазақстандық Әділ Ғабит болса республика бойынша үздік үштікті түйіндеп отыр.


- Әділ бұған дейін Катонқарағай ауданындағы облыстық байқауда жүлдегер атанған. Кейін республикалық сайыс жайлы естіп өзіміз ұсыныс білдірдік. Көп жобалар арасында жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымын, - дейді жас IT маманның жетекшісі Юлия Новак.


Бір қызығы бұл жоба Әділдің ойында аяқ астынан туған. Колледждің төртінші курс студенті өзі көңілі түскен бір қызбен таныспақ болған сәтте туындаған.


- Шынымды айтсам, бір сұлу қызды ұнатып, сөйлесуге бел байладым. Алайда ол қыз сөйлеу және есту қабілетінен айырылған екенін білдім. Бұл сол кезде туған ой. Өйткені мұндай кемтарлығы бар адамдар қиын жағдайға түссе хабарлай алмайды. Ал біздің жоба мобильді телефонмен арнайы батырманы басу арқылы төтенше жағдайлар қызметі, тәртіп сақшылары, жедел жәрдем сияқты қызметтерге хабарлама жібере алады, – дейді Әділ.


Айта кету керек, бағдарлама телефон арқылы адамның ЖСН мен геоақпараттарын анықтай алады. GPS навигаторы ұялы байланысын қажет етпейді. Әр нөмір тіркелген болғандықтан көмек сұраушының барлық ақпараты қызмет көрсететін мамандарға көрініп тұрады. Жас өнертапқыштың жоба ерекшелігі де осында.


- Алдағы уақытта қандай жұмыстар ойлап табатынымды білмеймін. Бастысы қоғам игілігіне жараса болды, - дейді жеңімпаз.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ