Өскемендік студенттер Таразда өткен республикалық олимпиадада жеңімпаз атанды

1212
көрілім

Білім және ғылым министрлігінің “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Дарынды балаларға - талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасында Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенттері 1-орынды иеленіп, жеңіспен оралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Өр Алтай қырандары» аталған команда сайыс қорытындысы бойынша ең үздік шыққан. Білімі мен шығармашылық жағынан алдына жан салмаған өскемендік студенттермен қатар еліміздің әр өңірінен келген  педагогикалық университеттер мен колледждердің жоғарғы курс студенттерінен құралған 9 команда қатысты.

– Олимпиаданың басты мақсаты – педагогикалық оқу орындары студенттерінің кәсіби мотивациясын арттыру. Осы негізде жастар арасындағы ұстаз мамандығының беделін көтеріп, талантты, шығармашыл студенттерді анықтау, оларды қолдау. Ал осындай байқауда шәкірттеріміздің оқ бойы оза шауып, жоғары жетістікке жеткеніне өзіміз де аса қуаныштымыз, – дейді ШҚГК директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Ринат Жакашев.

Екі кезеңнен тұратын олимпиадада «алтайлық қырандар»  аңыз адамға айналған педагог Құмаш Нұрғалиев пен дәуірдің дара ұстазы, қазақтың Хан апасы атанған Қанипа Бітібаеваның өмірі мен педагогтық қызметіне арналған қойылым қойып, көрермендердің көңілінен шыққан. Оған қоса білімдері мен біліктіліктерін байқата білген шығысқазақстандық командаға әділқазылардың бірінші орынды беруден басқа шаралары қалмаған.

Айта кетейік, аталған олимпиадада ШҚГК командасы екінші рет қатарынан бас жүлдені иеленіп отыр. Жылда дәстүрге айналған мұндай сайыс алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ