Өскемендік таеквондошылар Азия чемпионатында жүлдегер атанды

689
көрілім

Тамыз айының 22-27 аралығында Въетнам елінде өткен құрлықтық додаға Өскеменнен төрт спортшы барды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қуанышқа орай, бұған дейін қалыптасқан дәстүр, яғни медаль еншілеу жағы бұл жолы да жалғасын тапты. ШҚО бойынша таеквондо (WT) федерациясының президенті Мерхат Болатхановтың сөзінше, спортшылар небір мықты қарсыластардың жолын бөгеп, жүлдеден басты үміттілердің кейбірін жолынан ығыстырған.
– Облыстың аға жаттықтырушысы Қайдар Қабышев бастап барған өрендеріміз екі жас ерекшелігі бойынша тұғыр биігіне көтерілді. Бұл жерде таеквондошылардың алғашқы бапкерлерінің еңбегін де айта кеткен орынды. Въетнамның Хошимин қаласына жол тартқан төрт спортшымыз да жүлде алды, – деді.


Сонымен, аталған бәсекеде кадеттер арасында Медет Елемесов (53 келіге дейін) алтын, Дарын Зайнеш (57 келіге дейін) күміс медальға ие болды. Ал жасөспірімдер арасында Бекарыс Бекенов (+78 келі) күміс, Батырхан Төлеуғали (68 келіге дейін) қола жүлдені қанжығалады.


Айта кетейік, тамыз айының басында Батырхан Төлеуғали Болгарияның астанасы София қаласында өткен Әлем чемпионатында қола медаль иеленген болатын.
Әділхан ЕСІМХАНОВ