Өскемендік жігіттер екі әйел мен баланы өрттен құтқарып қалды

363
көрілім

Өскемен қаласының екі тұрғыны отқа оранған үйден 3 адамды құтқарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сәуірдің 6 күні сағат 15.12-де Попов көшесіндегі жер үйде өрт шыққан. Моншаның ағаш құрылымдары, үйге жалғанып салынған шаруашылық қора-жайлар мен үйдің шатыры жанған. Өрт сөндірушілер келгенше оқиға орнында болған шаһар тұрғындары Александр Страбыкин мен Александр Кузнецов қызыл жалын лаулаған үйден екі әйел мен 8 жасар баланы терезе арқылы сыртқа алып шықты.
- Бейбіт күннің батырлары түтін мен отты байқағап қалғаннан кейін бірден көмекке ұмтылған. 3 адамды құтқарып, үй ішіндегі газ баллонын шығарған. №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері 80 шаршы метр аумақты шарпыған өртті сөндірді, - деп хабарлады қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі.
Александр Страбыкин автомаляр болып жұмыс істейді, ал оның досы Александр Кузнецов «НПК Герат УК» ЖШС-да өндіріс басшысы.
- Екеуі сын сағатта өздерінің емес, өзгенің өмірін ойлап, ерлік жасады. Оларды құтқару үшін батыл әрекетке барды, - делінген ведомство мәліметінде.