Осы уақытқа дейін облысты қандай әкімдер басқарды?

575
көрілім
Шартты фотосурет, бірқатары ШҚО мемлекеттік мұрағатынан алынды

Шығыс жұрты өз әкімдерін қаншалықты таниды? Соңғылары жайлы мәлімет те, фотосуреттер де көгілдір экраннан күнделікті көрсетіліп, атқарған жұмыстары басылым беттерінде жиі жазылуда. Дегенмен ел еңсесін тіктеп, ертеңіне сеніммен қарай бастаған тұста әр өңірдің болашақ басшылары 1990-шы жылдардың басында біртіндеп қызметтерін ауыстыра бастады. 1991 жылы тамыз бүлігіне дейін басым көбі атқарушы комитеттің бірінші хатшысы болса, кейін облыстық кеңестің басшылығында жүрді. Ал 1992 жылдың ақпан айынан бастап облыс әкімшілігінің тізгінін ұстап, уақыт өте келе әкім деп атала бастады. Кейбір деректер мен фотосуреттерді ШҚО Мемлекеттік архивінен ала отырып, назарларыңызға Шығыс Қазақстан өңірін басқарған жауапты тұлғалар және қазіргі әкіммен таныстыра кетуді жөн көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Амангелді Бектемісов (1992-1994 жылдар)

Талдықорған өңірінің тумасы. 1945 жылы ақпан айының 16-сы күні Балпық ауылында өмірге келген. 1968-70 жылдар аралығында Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келген соң Алматыдағы «Қазэлектромонтаж» тресінің монтаждау басқармасында еңбекке араласады. Ал ШҚО әкімі болып 1992 жылдың ақпан айында тағайындалып, осы лауазымды қызметті үш жыл атқарады. Нақты айтқанда, 1994 жылдың 26-шы ақпанына дейін. Амангелді Иманқашұлы ақпан айының 16-сы күні өмірге келсе, 2001 жылы дәл осы күні өмірден озған. Өкініштісі сол, ресми деректерде фотосуретін табу мүмкін болмады.

Юрий Лавриненко (1994-1995 жылдар)

Алғашқы әкіммен түйедей құрдас екен Юрий Иванович. Ақмола облысының Вишневский ауданының 47-ші разъезінде өмірге келген. 1968 жылы Ленингард Теміржол транспорты инженерлерінің институтын, 1991 жылы кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің қоғамдық Ғылым академиясын тәмамдайды. 1994 жылдың 17 шілдесінде Шығыс Қазақстан өңірі тарихына екінші әкім ретінде еніп, жауапты қызметін 1995 жылдың 30-шы қарашасына дейін жалғастырады. Юрий Лавриненко бұдан кейін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына да сайланған.

Леонид Десятник (1995-1996 жылдар)

Кейбір естелік кітаптарда да, ғаламтор деректері мен мұрағат мәліметтерінде де облыстың үшінші әкімі жайлы деректер жоқтың қасы. Тек flashpress.kz сайтының 2014 жылы сәуір айының 23-і күні шыққан мақаласында бір-екі сөйлем келтірілген-ді. Мақалаға сенсек, осы жылы митингтер де едәуір көп болып, осындай елең-алаң шақта үшінші әкімнің ауысуына тура келген. Қорыта жазсақ, Леонид Десятник 1995 жылдың 30 қарашасынан 1996 жылдың 10 сәуіріне дейін аймақ басшысы лауазымында отырды.

Қажымұрат Нағыманов (1996-1997 жылдар)

Қажымұрат Ыбырайұлы 1948 жылы Омбы облысының Таврия ауданында дүниеге келген. 1973-1987 жылдары Павлодар облыстық комсомол, партия, кеңес ұйымдарыңда қызмет істеді. 1987-1993 жылдары КСРО Энергетика және электрлендіру министрлігі Бас басқармасы бастығынын орынбасары, Қазақстан КП ОК нұсқаушысы, Семей калалық атқару комитетінің төрағасы, Атом энергетикасы және өнеркәсібі жөніндегі қазақ мемлекеттік кәсіпорнының вице-президенті болды. Қажымұрат Нағыманов 1994-96 жылдары Жезқазған облысының, бұдан соң 1997 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалады. Бір жылдан соң қызметінен босатылып, теміржол саласында еңбек етті.

Виталий Метте (1997-2003 жылдар)

Виталий Леонидович Шығыстағы Алтай ауданының тумасы. 1965-70 жылдар аралығында Севастополь Жоғарғы әскери-теңіз инженерлік училищесін әскери механик мамандығы бойынша тәмамдайды. 1990-шы жылдың тамызынан бастап «ҮМЗ» өнідірістік бірлестігінің бас директоры, 1994-ші жылдан бастап Өскемен қаласының №4 Орталық сайлау округінен облыстық мәслихат депутаттығына сайланады. Әр деңгейдегі басшылық лауазымдарда отырған Виталий Метте 1997 жылғы сәуір айының 17-сі күні облыс әкімі болып тағайындалды. Жауапты қызметте жеті жыл жемісті еңбек еткен ол 2003 жылдың 17-ші ақпанында басқа қызметке ауысады.

Талғатбек Абайділдин (2003-2004 жылдар)

Алтайлық әкімнің орнына ақмолалық Талғатбек Абайділдин келді. Нақты айтсақ, 2003 жылдың 26-шы ақпанынан бастап облыс тарихындағы алтыншы әкім қызметіне кірісіп, өңірдегі өзекті мәселелердің бірқатарын біржақты етуге бар күш-жігерін жұмсауға кіріседі. Дегенмен Талғатбек Жәмшитұлы бұл лауазымда ұзақ отырмады. Еңбек өтілі 2004 жылдың желтоқсан айына дейін созылды. Өз білім-қарымын көрсету үшін бұл уақыт аз ба, көп пе, әйтеуір бір жыл тоғыз ай дегенде ақмолалық шенеунік Арқаға қарай ауысады. Сөйтіп ШҚО әкімі лауазымын Президент Кеңесшісі қызметімен жалғай түсті.

Виктор Храпунов (2004-2007 жылдар)

Глубокое ауданының Предгорное ауылында кіндік қаны тамған. Алдымен Өскемендегі индустриалды техникумды аяқтайды. Одан соң Алматы Энегретикалық институтын, Алматыдағы Жоғарғы партия мектебін тәмамдап, экономика ғылымдарының докторы ғылыми атағын алған. Қызметтегі тәжірибесіне қарай Алматы қалалық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, ҚР Энегретика және су ресурстары министрі, 1997 жылдан бастап Алматы қаласының әкімі болып тағайындалады. Ал Шығыс Қазақстан облысы әкімі қызметіне 2004 жылдың желтоқсан айынан бастап кіріседі. Қызба мінезді шенеунік бұл лаузымда 2007 жылдың 11-ші қаңтарына дейін отырған.

Жәнібек Кәрібжанов (2007-2008 жылдар)

1948 жылы Омбы облысының Шербакөл ауданында туған. 1971 жылы экономист мамандығы бойынша Омбы ауылшаруашылық институтының экономика факультетін аяқтайды. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Жәнібек Сәлімұлы 1999 жылы Президент Кеңесшісі болып еңбек өтілін маңызды қызметпен толықтырған соң 2001 жылдан бастап ҚХР-дағы ҚР Төтенше және өкілетті елшісі, ал 2007 жылдың қаңтарынан 2008 жылдың мамыр айына дейін ШҚО әкімі болып тағайындалады. Бұдан соң қызмет жолын ҚР Парламент Мәжілісінде жалғастырған.

Әділғазы Бергенев (2008-2009 жылдар)

Өңірдің тоғызыншы әкімі Бородулиха ауданының Шелехово ауылында өмірге келген. Еңбек жолын Бородулиха ауданында салық инспекторы қызметінен бастап кейін аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы ретінде жалғастырған. Әділғазы Сәдуақасұлы 1998 жылдың маусым айынан қазан айына дейін Семей қаласын басқарды. Қызметтік жауапкершілік жүгін жете сезінген маман 2007 жылы облыс әкімінің бірінші орынбасары, ал 2008 жылдың жетінші мамырынан бастап аймақ басшысы болып тағайындалады. Әділғазы Бергенев бұл қызметті келер жылдың наурыз айына дейін атқарды.

Бердібек Сапарбаев (2009-2014 жылдар)

Өңір тұрғындарының жадында қарапайым әкім ретінде сақталған Бердібек Мәшбекұлы Шығыс өңіріндегі қызметін 2009 жылы наурыз айының 4-і күні бастады. Ғаламтор беттерінде әскери атағы запастағы полковник деп жазылған. Иә, қарапайымдылығымен қатар айтқан сөзін нақты іспен дәлелдеуге тырысқан жауапты тұлға су тасқыны, түрлі апатты жағдайларда жұрт жанынан табылып, қызметінде жоғары жауапкершілік сезімін байқатты. Шығыс өңірін бес жылға жуық басқарған Бердібек Сапарбаев 2014 жылғы қараша айының 11-нде қызметін ауыстырады. Қазіргі уақытта Жамбыл облысының әкімі.

Даниал Ахметов (2014 жылдан бастап)

Шығыс Қазақстан басшысыз қалмады. Бердібек Мәшбекұлының орнына сол қараша айының 11-і күні Даниал Кенжетайұлы келді. Ғылыми атағы экономика ғылымдарының докторы. 2011-2014 жылдар аралығында Еуразия экономикалық комиссиясының энергетика және инфрақұрылым бойынша коллегия мүшелігінен Шығыс Қазақстан өңірінің әкімі болып тағайындалды. Облыс тарихындағы он бірінші әкім. Өндіріс саласына өркендетуге баса мән беріп, аймақ бойынша жеңіл атлетика мен волейбол спортының дамуына айрықша көңіл бөліп, қамқорлық жасап келеді.

***

Иә, лауазымды тұлғалардың бірі бір-екі жыл, екіншілері бес жылдан астам уақыт облысты басқарса да жұрт жадында түрліше пікірде сақталғандықтары сөзсіз. Ресми және бейресми деректерге сүйене отырып ұсынылған мәліметтерден соң бәлкім, бұрын-соңды беймәлім болған өңір басшылары да оқырман көзіне ұшырасқан шығар, сірә. Жауапты қызметтегі азаматтар ертелі-кеш басқа қызметке үздіксіз ауысып жатады. Маңыздысы, әрбірінің қызметі мен міндеттеріне атүсті қарамай, бұқара жұрттың үніне құлақ түріп, үдесінен шығу. Әлбетте, бұл орайда өз көшбасшысын тұрғындар өздері таңдай жатар…

Әділхан ЕСІМХАНОВ