Ойыншықты ойланып таңдаңыз!

307
көрілім

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті балаларға арналған жаңажылдық сыйлықтар мен ойыншықтарды таңдау бойынша ата-аналарға кеңес берді.

– Ойыншық - бала өмірінің ажырамас серігі. Алайда ата-аналар көп жағдайда зиянсыз көрінетін ойыншықтардан қаншалықты қауіп барын аңғара бермеуі ықтимал. Бүгінгі таңда қаптамасында қазақ және орыс тілінде маркасы жоқ, жарқын түсті әрі жағымсыз иісі бар ойыншықтарды жиі кездестіруіңіз мүмкін. Мұндай ойыншықтар қайда өндірілгенін анықтау мүмкін емес десе де болады. Осы себепті ойыншықтарды таңдауға келгенде өте жауапты болу керек. Ең бастысы, ойыншықтар балалардың денсаулығына зиян келтірмеуі тиіс, – делінген комитеттің хабарламасында.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ойыншықтарды таңдау барысында келесі кеңестерге құлақ асуды сұрайды:

– Ең алдымен, маркадағы жазуды оқуыңыз керек. Ол жазу толыққанды, сенімді, нақты болуы тиіс әрі оңай оқылуы қажет.

– Өткір әрі жағымсыз иіс болмауы тиіс.

– Ойыншықтарды мұқият қарап шығу қажет, барлық бекіткіштер мен байланыстырғыштарды тексеріп алыңыз.

– Ойыншық пен оның құрамдас бөліктері баланы уландыруы мүмкін қосындылардан тұрмауы тиіс.

– Сапа мен қауіпсіздікті растайтын құжатты (сәйкестік сертификатын) әрқашан сатушыдан сұраңыз. Олай болмаған жағдайда ойыншықтарды сатып алмағаныңыз жөн.

– Ойыншықтарды мамандандырылған дүкендерден сатып алу керек. Ол дүкендерде тиісті сертификат болады. Базарларда немесе белгісіз сауда орындарындағы ойыншықтардан гөрі сертификаты бар дүкендер әлдеқайда қауіпсіз.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ