Палуандар белдесті

552
көрілім

Тарбағатай ауданында еркін күрестен КСРО спорт шеберлігінен үміткер М.Муфтиевті еске алуға арналған 2003-2005 жылғы жасөспірімдер арасында дзюдодан облыстық турнир өтті.

ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сайыста Семей қаласынан және облыстың бірқатар аудандарынан келген 83 жас спортшы бақ сынасқан. Қатысушылар барлығы тоғыз салмақ дәрежесі бойынша үздіктерді анықтады. Облыстық турнирде бақ сынаған спортшылардың басым бөлігі ауылды жерден келген палуандар.

Жарыс жастар арасында дзюдо спортын кеңінен насихаттап, спортшылардың шеберлік деңгейін шыңдау мақсатымен өткізілді. Бір сайыстың өзі бірнеше ай жасаған жаттығумен пара-пар екені белгілі. Сондай-ақ, осындай турнирлердің жиі өткізілуі нәтижесінде бапкерлер өз шәкірттерінің қателігін байқап, алдағы жарыстарда сол олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыстар жасайды.

Жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар алда болатын ірі додаларға жолдама алды. Сайыс қорытындысында 32-60 келі салмақ дәрежелерінде тарбағатайлық спортшылар жеңіске жетсе, 60 келіден жоғары салмақта Зайсан ауданының палуандары суырылып алға шықты.

Асқар ТҰМАРБЕК