Полицей әйел өрттің алдын алып, төрт баланы құтқарды

1916
көрілім

Семей қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік аға инспекторы жеткіншек төрт баланы өрттен құтқарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оқиға қазан айының 28-і күні «Қарағайлы» тұрғын ауданындағы пәтерлердің бірінде болған. Розетка кенеттен түтіндеп, ыс тұрғын үйді жайлап кетті. Онда көпбалалы отбасы тұрып жатқан. Өрт кезінде балалардың жанында ересектер болмаған екен.

- Сағат 16.30 шамасында қызмет барысымен жүрген Семей қаласы полиция басқармасының Әуезов полиция бөлімі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік инспекторы полиция майоры Динара Қабышева үйдің кіреберісінде өрт иісін сезіп, 3 қабатқа көтерілгенде балалардың жылап, көмекке шақырған дауыстарын естіген. Полиция қызметкері дереу өртке қарсы қызметке қоңырау шалып, жедел жәрдем бригадасын да шақырған, - делінген мәліметте.

Келіп жеткен өртке қарсы қызмет қызметкерлері есікті бұзып, пәтерден 6 жас, 4 жас, 2 жас және 5 айлық балаларды алып шыққан. Қуанышқа орай, бүлдіршіндердің зардап шеккені анықталмады.

- Электр сымдарынан ақау шығып, түтіндей бастаған. Балаларды сыртынан жауып кетіпті. Мен бірден өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем шақырдым, - деді Динара Ғибадоллақызы.

Көпбалалы ана полицейлерге балаларын құтқарғаны үшін алғысын жаудыртты.