Полицейлерді сотқа тартты

216
көрілім

Өскемен қаласының экс-әкімі Қуат Тұмабаев «Риддердегі жол апатына қатысты расталмаған ақпарат таратты» деп екі полиция қызметкеріне шағым түсірген. Риддер қалалық соты оның талап арызын ішінара ғана қанағаттандырды.

Сот барысында Қуат Тұмабаев полиция қызметкерлері Қарақұлов пен Қайратов ол жайлы расталмаған мәлімет таратқандары үшін әрқайсынан 3 миллион теңге өндіріп алуды талап еткен. Оның айтуынша, полицейлер экс-әкімді жол апаты кезінде мас болғанын айтыпты. Сот Қуат Тұмабаевтың өтінішін ішінара қанағаттандырып, полицейлердің бірінен 100 мың теңге өндіру туралы шешім шығарды. Айта кету керек, полиция қызметкерлерінің екеуі де қызметтерінен босатылған.

Естеріңізге сала кетсек, мас күйінде көлік тізгіндеген Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев 15 сәуір күні Евгений Смольниковты қағып кеткен еді. Соның салдарынан 18 жастағы бозбала оқиға орнында көз жұмған. Көп ұзамай ШҚО Прокуратурасы қайғылы оқиғаның басында Риддер қаласы әкімінің орынбасары ғана емес, Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың да болғанын мәлімдеді. Осыған байланысты тамыз айында ол өз қызметінен босатылған болатын.

Асқар ТҰМАРБЕК