Полиция қызметкерлерімен кездескен кездегі сақтық шаралары

1001
көрілім
Фотосурет - 365info.kz сайтынан.

«Ашыңыз, полиция» деген сөзді көбіне телехикаялардан естиміз, алайда мұны сіз шынайы өмірде естісеңіз не істейсіз? Шақырған жағдайда учаскелік бөлімшеге бару керек пе? Құжатыңыз жоқ кезде полиция тоқтатса не істеу керек? Полиция мен азаматтардың қарым-қатынасын заңнамалық актілердің қалай реттейтіні және оның іс жүзінде қалай жүзеге асатыны жөнінде бұрынғы тергеуші, бүгінде адвокат Сергей Шигрин айтып берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Білген жөн

Көбейту кестесін міндетті түрде есте сақтау туралы бірер сөз айта кетейік. Егер сіз өзге елге барсаңыз олардың тілінде түсініскеніңіз жеңіл. Егер заң өкілдерімен қатынас жасасаңыз, заң тілінде сөйлескеніңіз абзал. Заң айтады: сот адамды қылмыскер деп айыптамаса, оның шешімі заңды күшіне енбесе – азамат кінәсіз болып саналады. Сондықтан онымен сыпайы сөйлесіп, саусағыңыздың ұшын да тигізбей, тіпті оның мүлкі мен құжаттарына да тиіспеуіңіз керек.

Бұдан нені түсінеміз? Егер сіз полицияның әрекетіне көңіліңіз толмаса, оларға қарсыласып, балағаттап, төбелесудің қажеті жоқ. Өзіңізді лайықты ұстаңыз. Тек анық «Офицер, мен сіздің әрекетіңізбен келіспеймін, сондықтан жоғары тұрған органдар мен прокуратураға келіспеушілік арызын түсіремін» деңіз. Мүмкіндік болса, шағым түсіргенде аудио, бейнежазбалар мен фототүсірілім немесе куәгерлердің куәсі туралы айғақтарды бірге беруді ұмытпаңыз. Төменде біз нақты жағдайларды көрсетеміз.

Мені бөлімшеге көшеден алып кете ала ма?

Ішімдік ішсеңіз

Бұл адамды көшеден алып кетудің бір ғана негізі — егер ол адамның ар-намысын қорлайтындай дәрежеде мас болса, яғни мас болып шалшықта құлап жатса. Мұндай кезде оны бөлімшеге емес, медициналық куәландыруға апарады.

Алайда, құқық қорғау органдарында адамның мастығын дәлелдейтін нақты өлшемдер жоқ. Адам бір сызықпен түзу жүріп, еш қиындықсыз еңкейе алса, тіпті саусағын мұрнының ұшына апарса оны рұқсат етілген масаң күйде екенін айта алмайсыз. Ал ненің рұқсат етілген-етілмегені субъективті сұрақ.

Іс жүзінде көшеде жеңіл деңгейде мас болып жүргендерді алып кететінін айта аламын. Қоршау түбінде құлап жатқан маскүнемнің несін алады? Ал кешті жақсы өткізген байсалды азаматтың жөні басқа, сондықтан ақшаны аямай таксиге отырыңыз. Өз басым бұрынғы тергеуші болғандықтан, ішіп алып түнгі уақытта үйіне қайтқан адамдардың келеңсіз жағдайларға тап болғанын талай рет көргенмін. Кейде келеңсіздіктер полициямен кездеспей-ақ, кездейсоқ төбелестермен ұласып жатады.

Құжаттар жоқ болса

Қызметтік міндетін орындап жүрген полицей кез келген азаматқа жақындап, құжатын сұрауға құқығы бар, алайда азаматтың құжатын көрсету міндеті еш жерде көрсетілмеген. Бізде полицейлік мемлекет емес, сондықтан ешкім жеке куәлік алып жүруге міндеттелмейді. Сондай-ақ, жеке басты анықтау үшін полиция учаскесіне әкелу деген үрдіс бар (ҚР Әкімшілік кодексінің 786-бабы). Бұл жерде ең бастысы, құқықбұзушының жеке басының анықталатынын ұмытпаған жөн. Егер сіз заңға қайшы әрекет істемесеңіз, учаскеге баруға міндетті емессіз.

Қай кез болмасын жағдайға қарай әрекет етіңіз. Есте сақтаңыз: қандай жағдай болмасын тәртіп сақшысын балағаттап, қарсы шықпаңыз. Бұл сізге қарсы күш қолдануға әкеп тірейді. Бұл сізе қажет пе?

Тұспалданған күдіктінің түріне ұқсасаңыз…

Бір ауданда қылмыс орын алуы мүмкін. Ондай кезде патрульдегілерге тұспалданған қылмыскердің бейнесі таратылып, олар сол сәтте көше-көшені аралап, күдіктіні іздеуге шығады.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, егер бет-әлпетіңіз тұспалданған адамға сәйкес келсе, сізге тергеу әрекетін қолданатын көрінеді. Сізден қайдан келіп, қайда кетіп бара жатқаныңызды сұрап, тану әрекетін жүргізеді. Қол қойған қағаздарды егжей-тегжейлі оқып, егер ертеңгі күні адвокат көмегіне жүгіну қажет болса сұралатын фактілер ретінде көшірмесін алыңыз.

Қалай болғанда да естен шығармаңыз: егер сіз көшеде ешкімге соқтықпай келе жатсаңыз еш негізсіз тоқтатып, учаскеге апару, сондай-ақ онда ұзақ ұстау заңсыздық болып саналады. Бұл адамның конституциялық еркін жүріп-тұру құқын бұзу болып табылады. Ұстаса, ұстау туралы хаттама толтырылуы қажет (ҚР Әкімшілік кодексінің 788-бабы), ал аталмыш әрекет аяқталған соң азаматтың жұмыс орнына немесе студент болса оқу орнына не себепті сабақтан қалғанын түсіндіретін анықтама алуға құқы бар.

Қандай жағдай болмасын, сізді бөлімшеде үш сағаттан артық ұстауға болмайды (ҚР Әкімшілік кодексінің 788-бабы және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 129-бабы). Егер одан ұзақ уақыт ұстаса хаттама толтырылып, сіз күдікті болып саналуыңыз керек. Жауапкершілік алған полицейлердің әрекеттерінде салмақты негізі болуы қажет. Ал ұстау мерзімі үш тәуліктен аспауы керек. Одан ары созылған нәрсе қамаққа саналады.

Көшеде полицейлер тоқтатып, қалтамды аудартып, телефоным мен куәлігімді алып алды…

Мұндай жағдайда сабырлы болыңыз. Біріншіден, «қалтаны аударған» тәртіп сақшылары қандай себеп айтпасын заңда ол «жеке басты және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеру» деп аталады. Бұл жөнінде ҚР Әкімшілік кодексінің 791-бабында анық жазылған. Мұндай тексеру сотсыз және тергеу амалдарынсыз тек құқық бұзушыға ғана жүргізіледі. Оның өзі қылмыс үстінде ұсталса ғана қолданылады (мысалы, балық аулауға тыйым салынған уақытта балықшы құрығымен қолға түссе). Мұндай кезде куәгерлер шақырылып қана жеке заттар тексеріледі. Ал басқа жағдайларда сабырлық таныта отырып қалтаңызды қарауға тыйым салыңыз.

Телефоныңыз бен куәлігіңізді алып алды ма? Мұны істеген адам ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне үңілсін. Оның 18-бабында «Ешкiмдi де соттың шешiмi болмайынша өз мүлкiнен айыруға болмайды» делінген. Бұл сіздің заттарыңыз бен құжаттарыңызды ешкімнің алмақ тұғыры, қолын тигізуіне де болмайды дегенді білдіреді. Телефонға үңілуге де болмайды. Аталмыш құжаттың 16-бабында жеке өмірдің және телефон арқылы сөйлескен сөздердің құпиялары туралы жазылған, сондықтан патрульдік полиция заңсыз әрекет жасаса, прокуратураға шағым түсіріңіз.

Полиция бекетінде саусақ іздерін алды. Олардың мұндай құқықтары бар ма? Бұл мен үшін қауіпті ме?

Егер сіздің ештеңеге қатысыңыз болмаса – қауіпті емес. Елімізде бірыңғай дактилоскопиялық база жасау жөніндегі әңгіме көптен бері айтылып келеді. Алайда сізді ресми түрде күдікті, айыпталушы немесе зардап шегуші деп танымаса, сондай-ақ саусақ іздерін алу туралы сот шешімі шықпаса саусақ іздерін сіз келісіміңізді бергеннен кейін ғана алулары керек. Ал жасы 18-ге жетпегендерден алу үшін ата-анасының рұқсаты болуы қажет (Әкімшілік кодекстің 744-бабы және Қылмыстық-процестік кодекстің 264, 265-баптары). Егер саусақ іздерін еріксіз алса қарсылық көрсетпей полиция қызметкеріне келіспейтініңізді айтып, жоғары тұрған орган мен прокуратураға шағым түсіріңіз.

Үйіме учаскелік инспектор келіп, бөлімшеге баруымды талап етсе не істеймін?

Барлығы нақты жағдайларға байланысты. Егер келген полицей қандайда бір жағдай бойынша қойылатын сұрақтарға жауап беруді әдепті түрде сұраса, қарсы келудің қажеті жоқ. Полиция жақын маңда орын алған қылмысты тергеуде көмегіңіз тиеді деп санауы мүмкін. Кейбір кезде тергеуші куәгердің түсінігін үй-үйді араламай, бөлімшеде алғысы келеді. Полиция қызметкерімен бөлімшеге бару немесе бармау өз таңдауыңыз.

Егер тәртіп сақшысы учаскеге баруыңызды талап етсе, келесі жағдайларды біліңіз.

1. Полиция қызметін заң аясында жүргізуге міндетті. Бұл, әр әрекеттің өз құжаты мен тәртібі болуы керек дегенді білдіреді. Мысалы, құқық қорғау органының қызметкері сізге қызметтік киімімен келіп (қарапайым киіммен жүру тек жедел-уәкілге рұқсат етілген), қызметтік куәлігін көрсетуі қажет. Сіз құжатты егжей-тегжейлі оқып, қызметкердің аты-жөнін жазып алуға немесе фотосуретке түсіріп алға құқылысыз. Сондай-ақ, қызметкердің өзін де фотосуретке түсіріп алуға тыйым салынбайды (мүмкін ол алаяқ шығар?). Дегенмен, оның фотосуретін әлеуметтік желіде немесе басқа жерде тарату құқық бұзушылық болып саналады.

2. Келген қызметкердің аты-жөнін білген соң учаскеге қоңырау шалып, онда осындай есімді азаматтың жұмыс істеп, не істемейтінін және өзіңіздің учаскеге шақырылғаныңызды анықтайсыз.

3. Өз үйіңізде өз талабыңыз: есікті ашпауыңызға (үйге баса-көктеп кіру үшін салмақты негіз қажет), фото, бейнежазбалар жасауыңызға болады. Үйіңіздің есігін полиция қызметкерінің қолында тінту немесе қамаққа алу қаулысы болса ғана ашуға міндеттісіз. Басқа жағдайда есік артынан сөйлесуге құқылысыз. Тәртіп сақшысын үйіңізге кіргізу қажет деп шештіңіз бе? Онда қасыңызда куәгер (қолына ұялы телефон ұстаған) болатын адам болуы керек. Мұнымен қолыңызда өзін заң аясында ұстамаған қызметкерге қатысты айғағыңыз болады.

4. Егер сізді куәгер немесе күдікті десе, шақыру қағазын (повестка) әкелсін. Шақыру қағазы болмаса барлығы ерікті түрде жасалуы қажет. Шақыру қағазы жұмыс орныңыз бен оқуыңыздан қалудың дәлелді себебі болмақ. Есіңізде сақтаңыз, тергеушімен сөйлескен кезде сіз өзіңізге және жақын туыстарыңызға (балаңызға, ата-анаңызға, әжеңіз бен атаңызға, немерелеріңізге, апа-сіңілілеріңізге, аға-бауырларыңызға — ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 214-бабы) қарсы куәлік етпеуіңіз керек.

5. Кез келген түсініктемені адвокаттың қатысуымен берген жөн (адвокаттың телефон нөмірі жаныңызда болу керек). Нөмір жоқ болса, кез-келген заңгерге хабарласыңыз. Мүмкін сізге заң өкілі телефон арқылы ақылын айтады. Сонымен қатар, жауап алу кезінде өзіңіз атын атаған адвокатты алдыртуға құқылысыз. Ол келгенше үндемей отыруыңызға болады. Ал адвокаттың қасыңызда болуы полицияның заңға қайшы әрекет жасауына мүмкіндік бермейді. Заңды жақсы білетін адвокат сізді жағдайға қарай қамақтан шығарып алуы ықтимал.