Ресейден келген семейлік студент қыздан коронавирус анықталды

865
көрілім

Семейге Ресей Федерациясынан келген 19 жастағы студент қыздан COVID-19 вирусы анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

20 мамырдағы мәлімет бойынша ШҚО-да коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 адам тіркелді.

– Ресей Федерациясымен шекарадағы «Ауыл» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекеттен өткенде эпидемиолог мамандар сенсор термометрмен дене қызуын өлшеп, сауалнама жүргізгенде студент қыздың денсаулығына шағымданбаған. Алгоритмге сәйкес экспресс тестілеу теріс нәтиже көрсеткен. Автоөткел мамандары 14 күн үй карантинінде болу қажеттілігі туралы түсіндірген. Семей қаласына келген соң үй карантиніне алынып, тұрғылықты жері бойынша дәрігерлердің бақылауында болды. Медицина қызметкерлері ПТР әдісімен қайтадан тексеру мақсатында биологиялық материал алынды. Диагностикалық зерттеу нәтижесі бойынша COVID-19 анықталды, – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта пациент жұқпалы аурулар стационарына жатқызылды және тиісті ем алып жатыр. Айта кетерлігі, облыста коронавирус жұқтырған 59 адам тіркелген, оның ішінде 28-і емделіп шыққан.