Республика, облыс көлемінде Сиыр жылынан күтетін болжам. Қауіп және үміт

579
көрілім
Шартты фотосурет

Ескі жылды есіктен шығарып салып, іштей дұға-тілектерін айтып жатқан жұрттың «бар жамандық осымен кетсін» деген ниеті көп дүниені аңғартады. Жаңа жылға артылған сенім мен ниетін нақтылап, мақсат-мұратын түгендеп соның орындалуын күн тәртібіне қояды. Соның өзінде кейбір жайттар қазірдің өзінде анықтала түскендей. Көптің көкейінде «COVID-19-дың жаңа толқыны бастала ма, соған орай жаппай екпе қашан қолға алынады, ел экономикасы тұралай ма» және өзге де ойлар жүлмегіндегі түйткілдер. Шынымен-ақ алдағы уақытта құлағымыз қандай да бір оң хабар шала ма? Сарапшылар ұсынған болжамды сайт тілшісі саралап көрген еді.

Өңір тұрғындарын жағымсыз жаңалықтарымен мезі еткен Тышқан жылы қайта айналып келгенше тағынан түсті. Жұлдызнамашылардың болжамынша, Сиыр жылында дүние есігін ашқандар еңбекқорлығымен, шыдамдылықтарымен, қажет болса, жауапты сәтте қайтпас қайсарлық танытатындықтарымен ерекшеленетін көрінеді. Болып жатқан өзгерістерге көз жүгіртсек, аталған қасиеттер бүгінде әр адамға қажет-ақ.

«Антивирус» қашан егіледі?

Індет жұқтырудың күнделікті көрсеткіштерін ескерсек, қазақстандықтар биыл да жұқпалы вируспен арпалысып өтетін сыңайлы. Әрине бетін ары қылсын. Әйтсе де жағдай мүшкіл болып, сауығып шыққан сайын сырқаттанғандар саны азаймай тұрғаны оң өзгерістің бүгін-ертең бола қоймасын аңғартып тұр. Дәрігерлер үшінші толқын асқынып кеп шабады деген болжам ұсынуда. Жалпы, өткен жылы вирусологтар барын сала еңбектеніп, бір нәтиже шығарғандай. Осы уақытқа дейін әлем бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның бірнеше түрі ойлап табылып, сыналып та көрді. Демек, Жаңа жылдан бастап соны жаппай егу басталады деген сөз.

Вакцинаны сынақтан өткізіп жатқан елдердің қатарында Қазақстан да бар. Оны Жамбыл облысындағы ғылыми-зерттеу институтында ойлап тапты. Республика көлемінде сынақтың үшінші кезеңі осы жылдың сәуір айына жоспарланған. 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап орыстардың «Спутник-V» вакцинасы өндіріске шығарыла бастады. Алдағы уақытта екі миллионға жуық дозасын шығару жоспарланып отыр. Ерікті түрде жаппай вакцинациялау ақпан айында жүргізілмек. Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындардың 15 пайызына екпе жүргізіледі деп көздеп отыр. Бірінші кезекте қауіп аймағында жүрген медиктер, педагогтар мен құқық қорғаушылар вакцинациялаудан өтеді. Сондай-ақ бұл тізімге ТЖ, Қорғаныс министрлігінің, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен студенттер және әскерге шақырылушылар енгізілмекші.

Аштық жылына айнала ма?

2021 жылға қарай Біріккен Ұлттар Ұйымы мынадай сұмдық болжамын ұсынды: Жаңа жыл миллиондаған адамдарға аштық әкеліп, соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Бұл қаншалықты рас? Мұны БҰҰ-ның Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламаларының басшысы Дэвид Бизли айтты. Оның сөзінше, біршама тұрғындар үшін Сиыр жылы соңғы 75 жылдағы ең бір қатерлі жылға айналады.

– COVID салдарынан ашыққан адамдардың саны 135-тен 270 миллионға дейін көбейді, – деді Бизли. – Қазір БҰҰ құрылғалы бері гуманитарлық тұрғыда талай адам үшін қатерлі болатын 2021 жылды бағамдау үстіндеміз.

Адамзат әлі де карантин шараларын сақтап, денсаулықтарына залал келтіріп алмаудың қамымен жүр. Себебі Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығы осындай, әрі тәртіпке бағына білген тұрғындардың төзімділігі біртіндеп сол шектеудің алынуына септіктерін тигізеді.

Ал болуы мүмкін экономикалық дағдарыс қаржыгерлердің топшылауынша, барлық ірі экономикалық арналар мен елдерге жойқын соққы болып тиюі кәдік. Десе де Қытай үшін қатты өзгеріс болмайды деген болжам бар. Жер-жердегі өзгерістерге ой жүгіртсек, еліміз үшін де қатты қауіптенудің жөні жоқ. Мамандар Қазақстан экономикасының құлдырамауының бірнеше себебін ұсынып, мұнай бағасының төмендемейтіндігін болжады. Нақты айтсақ, ой-пайымдары мынадай: егер бір баррель үшін әлемдік баға 50 долларға көтерілсе, 2021 жылы ел экономикасы өткен жылмен салыстырғанда 2,8 пайызға өсуі мүмкін. Десе де мұның барлығы АҚШ долларының түсуіне де байланысты. «Мен, мен» деген қаржыгерлер осы болжамның орындалу ықтималдығын 60 пайызбен бағалады. Жалпы, «иә барлығы дәл осылай болады» деп күні бұрын болжам жасаудың реті жоқ. Не десек те барлығы уақыт еншісінде.

Анығы сол, биыл өткен жылдағы қарбаласты еске алып, табысынан айырылуларына қарай мемлекет тарапынан тағайындалған 42500 теңге жәрдемақыға иек артудың еш қажеті жоқ. Себебі мемлекеттік қазынада 2021 жылға бұл жағы қарастырылмаған. Бұл жайлы ҚР Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеген болатын.

Қаражат мәселесі де маңызды

Экономикалық тұрғыда қандай да бір жоғары жетістікке жетіп, оң өзгерістің байқалмауына қарай биыл зейнетақы мен жәрдемақыны өсіру жағы қарастырылмаған.

– Зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыны, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті жылдық мәнде 10 пайызға қайта индекстеуді тапсырамын, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 31-ші желтоқсанында болған Жолдауда.

Ал 2020 жылдың 25-ші қарашасы күні Мемлекет басшысы қазақстандықтар үшін зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінде көтерілетіндігін мәлімдеген болатын. Осыған байланысты 2021 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап зейнетақы мөлшері жеті пайызға өсті. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 1689 теңгеге өсіп, 18524 теңгені, ал ең төменгі мөлшері 4,6 мың теңгеге өсіп, 43272 теңгені құрамақ.

Өткен жыл барысында коронавирустың көбінде егде жастағы адамдарға кенеше жабысуын ескеріп, зейнет жасын төмендету жайлы ұсыныс та айтылды. Әйтсе де бұл жағы билік басындағылардың талқысына түсе қоймады. Әйел адамдар үшін зейнетке шығу 60 жасты құрайтын сыңайлы. Айта кетейік, 2020 жылы бұл 59,5 жасты құрады. Ал ерлер үшін сол 63 жас қала бермек.

Атаулы әлеуметтік көмек те бұрынғы тәртіппен төлене бермек. Яғни шекті табысы күнкөріс минимумының 70 пайызын құрайтындарға тиесілі. Бір ескерерлігі, еңбекке жарамдылары міндетті түрде жұмыстарын жалғастыра берулері тиіс.

Кейбір санаттағы жұмысшылардың жалақылары артады. Тәртіп сақшылары мен Ішкі істер министрлігіндегілердікін 30 пайызға арттыру жоспарланса, мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсуі тиіс. Медициналық-санитарлық мекемелерде немесе үй жағдайында көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің де еңбекақылары артуы мүмкін. Дәрігерлер жалақысын өсіру үшін 2021 жылы қазынаға 222,3 миллиард теңге құйылған. Ал шенеуніктер үшін Жаңа жылда ауыз толтырып айтарлық оң хабарлар бола қоймайтын сыңайлы. Мемлекеттік қызметшілердің саны 15 пайызға қысқартылмақ. Бұдан бөлек, елімізде ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру көзделген. Әзірге 42500 теңге болып қаз-қалпы сақталмақ. Дей тұрғанмен ең төменгі күнкөріс деңгейі 34302 теңгеге көтеріледі. Соның көтерілуіне қарай әлеуметтік төлемдер мен әкімшілік тәртіп бұзғаны үшін айыппұл мөлшері де артатын көрінеді.

Мерейтой қарсаңындағы сыйлық

Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толмақ. Әзірге осыған байланысты қандай да бір ауқымды шаралар қарастырылмаған.

– Осындай айтулы оқиға күтіп тұрса да көпшіліктің қатысуымен болатын іс-шараларды өткізуге болмайды, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Мерейтой саяси және экономикалық реформалар аясында, цифрландыру, экология мәселесін шешу және ана мен бала құқығын қорғау аясында өткізіледі.

Десек те Тәуелсіздік күні қарсаңында бір оң өзгерістің болары анық. Елімізде қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айырылғандарға мемлекетке және тұрғындарға қатер келтірмеу жағы қаралып барып, амнистия жариялануы мүмкін. Дегенмен кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық жасағандарға бұл жағы қарастырылмаған, қайта жаза түрі қатаңдатылмақ.

Заңға сәйкес...

Салық кодексіндегі өзгерістерге сәйкес жаңа жылдан бастап заңды тұлғалар үшін жер және мүлік салығы біріктірілетін болады. Көппәтерлі тұрғын үйде тұратын баспана иелері үшін жер салығы алынып тасталған. Ал көлік салығын сәуір айының 1-не дейін төлеу міндетті. Сенат депутаттары карантин шараларына байланысты шығынға ұшыраған орта және шағын бизнес өкілдері үшін екі жыл мерзімге арналған түзетулер енгізуде.

2021 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілердің немесе мемлекеттік функцияларды орындайтын олардың жұбайларының да кіріс-табыстарын декларациялау басталады.

Жаңа жылдың 7 қаңтарынан бастап тұрғын үй қатынастары заңнамасына сәйкес пәтер иелерінің кооперативін (ары қарай ПИК) жабу басталады. Көпқабатты үйлердің тұрғындары үй басқару үлгісін (мүлік иелерінің бірігуі немесе жай серіктестік) анықтағанша бұл мерзім кейінге шегеріле тұрады. Өтпелі кезең 2022 жылы аяқталады деп күтілуде.

2021 жылы парламентарияға түбегейлі жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасы ұсынылуы тиіс. Әзірге республика көлемінде 17 заң мен 100-ден астам нормативті-құқықтық акті жұмыс істеуде. Бірыңғай кодексті ойлап табу соның басы-қасында жүрген мамандардың ойынша әлеуметтік қызмет түрлерін алуды біршама жеңілдетеді. 2021 жылдың көлемінде Мәжіліске жануарлар әлемін қорғау бойынша жобалар да ұсынылмақ.

Ресми деректер мемлекеттік басқару саласында да өзгерістер болатынын байқатуда. Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру күн тәртібіне қойылған. Екі агенттік құрылмақ: стратегиялық жоспарлау және реформа бойынша, сондай-ақ бәсекелестікті дамыту. Олар тікелей Президентке бағынатын болады.

Мемлекет басшысы азаматтардың реформаларға бастамашылық етуі үшін бірыңғай онлайн петиция институтын құруды тапсырды. Қол жинау және аймақты дамыту, сонымен қатар жергілікті мәселелерді шешу бойынша петиция жасау құқығын мәслихаттар алады.

2021 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап «Дактилоскопиялық және геномды тіркеу туралы» Заң күшіне енетін болады. Жаңа биометриялық жекебас куәліктері мен шетелдік төлкұжатқа жеке мәліметтері жазылған чип қойылады. 12-16 жас аралығындағы балаларды өздерінің келісімдерімен және ата-анасының, асыраушысының қатысуымен, ал 16 жастан бастап қазақстандықтар үшін саусақ іздерін тапсыру міндетті болмақ. Оған дейін өткізілген құжаттар тиісті мерзімі біткенше жарамды болып қалады. Десе де 2021 жылдың 3-ші қаңтарынан бастап еліміздің ақпараттық агенттіктері саусақ іздерін тапсыру міндеттілігі 2023 жылдың қаңтар айына ауыстырылды деген мәлімет таратқан болатын.

Өңір және қала тұрғындарын қандай өзгерістер күтіп тұр?

Облыс және қала басшылығы 2021 жылға бөлінген бюджет және құрылған жоспар жайлы нақты ақпараттарын әлі ұсынбады. Дегенмен соңына дейін күтуге тұрарлық бір жайт бар.

Сиыр жылында Күршім өңіріне Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу қолға алынуы тиіс. Жобаны жергілікті «ОблШығысЖол» ЖШС жүзеге асырмақ. Қолда бар ақпаратқа сәйкес 2021 жылы республикалық қазынадан аталған құрылысқа 700 млн теңге бөлу жоспарланған. Бұған облыстық бюджеттен қосымша 300 миллион теңге бөлінуі мүмкін.

Ал осыған дейін көптің көкейінде жүрген Осинов асуындағы айналма жол құрылысын аяқтау мәселесі жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізілген соң ғана белгілі болмақ. Мердігер мекеме анықталып, бітпей қалған жол учаскесіне нүкте қояды деген сенім мол. Әлбетте, бұл жұмыс биылдан қалмай аяқталуы тиіс.

Облыс орталығында жол жөндеу жұмыстары жалғасын таппақ. Қала басшысы Жақсылық Омар биыл жөндеуді қажет ететін жолдар тізімін ұсынып, қалалық мәслихат депутаттарына тапсырмасын берген болатын. Тізімге мынадай көшелер еніпті: Белинский, Новаторов, Карбышев, Буров, Астана және Пограничная. 19 ықшам аудан мен Өскемен-Алматы тасжолын байланыстыратын жолдың құрылысы жалғасын таппақ. 2021 жылға деп жоспарланған автобустардағы электронды билеттеу жүйесі іске қосылып, «Нұрлы жол» ықшам ауданындағы 18 көпқабатты тұрғын үй құрылысының жалғасатындығына сенім мол.