Режиссер Досхан Жолжақсынов ұландықтардың зор құрметіне бөленді

1027
көрілім

Өткен аптада Қасым Қайсенов кентінде аудандық мәдениет үйінде актер, әнші, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, қазаққа «Біржан сал», «Құнанбай» сынды көркем фильмдерді сыйға тартқан режиссер Досхан Қалиұлы Жолжақсыновпен кездесу кеші өтті. Кездесу кешіне келген қонақтар жерлесіміздің «Құнанбай» фильмін режиссермен бірге тамашалап, актерге зор құрметтерін көрсетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Кездесуге облыстың әр аудандарынан өнер тарландары мен ақын-жазушылары шақырылды. Кеш басталарда қонақтарды «Бескөл» халықтық фольклорлық ансамблі ән-күйімен қарсы алды. Кездесу барысында Досхан Қалиұлының «Ауыл қарттары» әнін әнші Х. Манай орындап, режиссердың туған жері Күршім жайлы «Күршімнің сулары» әні шырқалды. Актермен бірге келген белгілі эстрада жұлдызы Тоқтар Серіков те жанға жайлы әндерін орындап, ұландықтардың қошеметіне ие болды.

Бұдан кейін «Құнанбай» фильмінің көрсетілімі болып, соңынан аудан әкімі Дәулет Батырбаев құрметті қонаққа шапан жауып, домбыра сыйлап алғысын білдірді. Ал меценат Қайрат Мусин режиссерге ат мінгізді. Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Р. Мухамеджан ақ батасын берді.

«Құнанбай» фильмін түсірерде байтақ даламыздың біршама өңіріне жолымыз түсті. Мінекей, бүгін игі жақсылардың шақыруымен Ұлан өңіріне қонақ болып, келіп отырмыз. Өнерімді көкке көтерген Сіздерге зор алғысымды білдіремін. Құнанбай секілді тарихи тұлғалардың бейнесі ашылмай жатыр. Оларды аша білу – өнердің үлесінде деп білемін, – деді Досқан Жолжақсынов.

Кештің соңында аудан әкімі қонақтарды Мұса баба мешітіне ауызашарға шақырды.