Риддер қаласында маңызды дөңгелек үстел өтті

134
көрілім

 "Дінаралық ортадағы толеранттылық" тақырыбында Риддер қаласында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бүгінгі таңда түрлі діни ағымдар мен орталар қоғам арасында алауыздық тудырып жататыны рас. Теріс діни көзқарастары ұлтаралық қақтығыстарға, келіспеушіліктерге әкеледі.

Қазақстанда 140-тан астам ұлт өкілдері өмір сүрсе, сол сияқты бірнеше дін ағымдары бар. Бірақ Құдайға серік еткендердің барлығы дұрыс жолда емес.

- Құдай үйіне келгеннің барлығы ақ жолда деп айта алмаймыз. Себебі бірі шынайы ниетпен келсе, бірі теріс пиғылды көздегендер. Сондықтан бұл тақырыпта мәселенің түбіне, оның алдын алуына қарауымыз қажет, - дейді православ шіркеуінің настоятелі Игорь Копылов.

Республикада дінұстанушылар арасындағы басым дін - ислам діні. Қазақстанда мұсылмандардың үлесі 70 пайызды құрайды. Соның ішінде 2229 мұсылман ұйымы бар.

Д.Қонаев атындағы мешіттің бас имамы Нұрислам Жақсымбеттің сөзінше, көпшілігі білетіндей мешіттің есігі әр адамға ашық. Әсіресе жұма күндері жиылған жамағат киелі орынды лық толтырады. Сондықтан қалың жұртшылықтың ішінде өзінше көзқарас, пікірлер көп. Ислам дінін ұстанып, түзу бағыттамыз деген жастардың өзі оң мен солды айырмай жатады екен.
 
Дін өкілдерінен басқа аталған шараға мемлекеттік орган қызметкерлері, мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.