Риддерде ер адам құрылысы тоқтаған ғимараттан құлап көз жұмды

404
көрілім

Полиция қызметкерлерінің болжамы бойынша, ер адам өз-өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

17 қаңтар күні таңертең Риддер қаласындағы Бесінші шағын аудан тұрғындары марқұмның денесін тауып алды. Құрылысы 90-жылдары тоқтап қалған тоғыз қабатты ғимарат басқа да тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Жергілікті тұрғындардың көбісі сыртта жатқан ер адамды терезеден байқап қалады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу келіп жеткен. Тәртіп сақшыларының алдын ала болжамы бойынша, 22 жастағы риддерлік биік ғимараттан өз-өзіне қол жұмсау мақсатында секірген.

Оқиға орын алғаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Риддер қаласындағы аяқталмаған құрылысқа байланысты наразылықтарын білдіріп жатты. Бұл жерде кішкентай балалар мен ересектер жиі жарақат алатынын да айтып өтті.. Өкінішке қарай, оқыс оқиғалар да орын алып жатады. Көктемде осы аумақтағы құрылысы аяқталмаған бес қабатты объектіден тоғыз жасар бала құлап мерт болған болатын.

- Мұндай жазатайым оқиғаларды біздер қашанғы терезеден көріп отырмақпыз? Құрылысы тоқтап тұрған ғимараттар кімнің меншігі? Мүлдем бұзып тастауға болмай ма? - дейді ашынған қала тұрғындары.

Қала тұрғындарының наразылығына жауап берген Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов қала билігі құрылысы аяқталмаған ғимарат қожайындарымен байланысқа шыққандарын айтты. Алайда, қалай десек те шенеуіктер жеке кәсіпкерлерді мәжбүрлей алмайды.

- Қаладағы аяқталмаған нысан иелеріне құрылысты не толығымен аяқтау, не болмаса бұзу міндеттеледі. Бұған көнбегендердің барлығын сотқа бере аламыз. Оларды кәсіпкерлік қызмет туралы заң қорғайды, - деді өз сөзінде Жомарт Мұратов. - Әрбір аяқталмаған нысан бүгінде есепке алынған. Біз бұл істі соңына дейін жеткіземіз.