Риддерде көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды

347
көрілім
Шартты фотосурет

«Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында патрульдік полиция взводының қызметкерлері Риддер қаласы көшелерінің бірін патрульдеу кезінде «Subaru» маркалы автокөлігін байқаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Құқық бұзушылықтың жолын кесу мақсатында патруль дауыс күшейткіш құрылғының көмегімен көлікті тоқтату туралы талап қойған, алайда жүргізуші полиция мәшинесін көрген бойда ізін суытпақ болды. Іле жылдамдықты үдете түсіп, тәртіп сақшылары заңнан аттаған жанның соңына түсті.

Нәтижесінде 29 жастағы жергілікті тұрғын басқарған көлік тоқтатылып, тексеру кезінде жүргізушіден алкоголь иісі мүңкіп тұрды. Сонымен қатар ол көлік құралын басқару құқығынан айырылғандығына қарамастан рульге отырғаны анықталды.

Құқық бұзушы куәландырудан бас тартты.

- Құқық бұзушыдан қан алынып, химиялық сараптама тағайындалып, 2 жыл бұрын 5 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.  Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігіне (көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамды көлік құралын басқаруға жіберу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оның санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген,- деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.