Риддерде Тұңғыш Президент күніне орай ашық сабақ өтті

407
көрілім

Риддердегі білім беру мекемелерінде «Заманауи Қазақстан – Елбасы көшбасшылығының сабақтары» атты Тұңғыш Президент күніне арналған ашық сабақ өткізілді. Аталмыш шараға қаладағы қоғамдық пікір көшбасшылары, қалалық мәслихат депутаттары және қоғам белсенділері қатысты.
Қаладағы №10 орта мектепте құрметті қонақ ретінде қалалық мәслихат депутаты, «Бірлік» қоғамдық ұйымының төрайымы Галина Гильдерман қатысып, келген меймандарға өзінің жетістігі, өмірбаяны, Тәуелсіздігіміздің тарихына қатысты жайттарды, Тұңғыш Президентіміздің мемлекет саясатын бір бағытқа қоя білген ерен еңбегі жайлы кеңірек тоқталды. Ал №2 орта мектепте қоғамдық келісім Кеңесінің төрайымы Алима Есенова мен Риддер қаласының құрметті азаматы Климент Первушин де дәл осы бағытта ойларын салды.

Еркін форматта өрбіген шара барысында дәріс оқығандар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991-2019 жылдары Елбасы болған қызметіндегі жарқын сәттерге бір ой жүгіртті. Бұдан іле дәріс бейнекөрсетіліммен жалғасын тапты.
Аталған лицейде оқушыларды «Жас Ұлан» балалар ұйымының қатарына қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында қала әкімінің орынбасары Данияр Дюсембаев сөз алып, Тұңғыш Президент күнінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатын, ел басқарудағы көрегендігі мен табандылығын атап өтті.
– Елбасымыз мемлекет болашағына қатысты тарихи жауапкершілікті ала білді. Оқушыларға әрдайым «Ұдайы белсенді, өз-өздеріңе сенімді, мейірімді, мақсатшыл болыңдар» деп айтатын. Көп оқып, оқығанын көңілге түйген әрбір жас – Тәуелсіз еліміздің шынайы жанашыры бола алады, – деді жауапты тұлға.


Бұдан бөлек, Достық үйінде «Рахмет Сізге, Елбасы!» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. Мекемедегі этномәдени бірлестіктер мен мүшелерін Ұлт Көшбасшысының атқарған еңбектерін атай отырып, келе жатқан мерекелерімен құттықтады.