Риддердегі жалғыз қазақ мектебінің тозығы жеткен

1199
көрілім

Риддердегі «Шаңырақ» деген жалғыз қазақ мектебінің қабырғасы қаусап, іші де, сырты да сиықсыз кепте. Оқушылар арасы 500 метрге жуық жерде орналасқан екі ғимаратта бөлініп оқиды. Бірінде бастауыш сынып бүлдіршіндері, екіншісінде қалған буын оқушылары білім алып жатыр. Ата-аналар болса күндердің бір күні осы ғимараттың қабырғасы сөгіліп, баласы жазым бола ма алаңдайды. Бірақ жауапты тұлғалар «Шаңырақ» үшін жаңа мектеп салынбайды деп кесіп айтқан көрінеді.

Көлік қағып, жамбасы сынды

Әріге көз жүгіртсек, мектеп 1936 жылы іргетасы қаланған «Пионерлер үйінде» орналасқан. «Қазақ мектебі жаңа ғимаратта орын тебуі тиіс» деп шыр-пыр болып жүргендердің бірі Назар Ерназарұлының сөзінше, 1974 жылдан бері Риддерде мектеп салынбаған.

– Егемендік алып, етек жиғалы 32 жылдан асты. Сол 32 жылда бірінші салынған мектеп сөзсіз, қазақ мектебі болуы тиіс еді. Дегенмен олай етпеді. «Шаңырақтың» қазіргі кейпін ешкім жасырмас: спортзал терезесі целлофанмен қапталған, асханасы да жоқ, – деді ол.

Шынымен де, мектепті бір айналып шыққанда бірнеше жерден тозып тұрғанын байқау қиын емес. Тұрғындар тіпті, «Түрмеге ұқсайды, екінші ғимаратқа бара жатқан балалар сотталғандар сияқты. Неліктен? Себебі, ана асханадан оқушыларға тамақ тасып әкелгенше суып қалады» десті. Кейінге шегініс жасасақ, әр жылы облысты басқарған әкімдер мектеп салынады деп 20 жылдан бері айтып келе жатқан көрінеді.

Риддер тұрғындары сабаққа бара жатқан бүлдіршіндер жарақат ала ма деп қорқады. Себебі, көліктердің көбі мектеп алдымен жүйткіп өте шығады. Оқырманға түсінікті болу үшін нақтылай кетейік: «Шаңырақ» мектебінің бірінші ғимараты «Жеңіс даңғылы 1», ал екіншісі «Безголосов 16» мекенжайында орын тепкен. Аралық бір қарағанда алыс болып көрінгенімен, жарты шақырымды жүріп өткен соң жақын деп те айта алмайсың. Толассыз жүріп жатқан мәшинелер заулап жатса, сол аралықпен оқушылар әрлі-берлі сабылады. Мектеп алдында не бір белгі қойылмапты. Тым құрығанда жылдамдық бәсеңдеткіш те жоқ. Бұл ретте ата-аналар былтыр болған келеңсіз жайтты мысал етті. Айтуларынша, қаршадай қызды көлік қағып, жамбасын сындырып кеткен.

– Бір емес, екі жамбасы сынып үйінде жатыр. Балалар осы тұрғыда да қиналады. Қайта қазір оңалған түрі бұл. Осыған дейін бір сабақ анда, біреуі мында болып жүргенде бір мұғалім жарты жол шығарып салса, әрі қарай басқа ұстаз қабылдап әкететін. Қазір көп жағдайда тамақ тасумен шектеліп жүр. Оқушыларға екі аралықта жүгіріп жүріп білім беретін мұғалімдерге де қиын-ақ, – деді Назар Асаинов.

«Оқушыларды толтыра алмай әлек»

«Халықаралық қазақ тілі қоғамы» Риддер қаласы бойынша филиалының төрайымы Назбура Садықованың сөзінше, былтыр қыркүйек айының басында Риддерде жаңадан салынған 600 орындық мектеп ашылғанда көпшілігі «Шаңырақтың» балалары сонда білім алады деп қуанған. Бірақ ол аралас мектеп ретінде білім береді. Ал кетеуі кете бастаған қазақ мектебінде 580 оқушы бар.

– Қазір сол жаңа мектепті оқушылармен толтыра алмай әлек. Ұзын-ырғасы 230-дан астам бала оқып жатыр. Аралас мектеп қылып бекітіліп қойғанын ескерсек, «Шаңырақтың» балаларына жаңа мектепте оқу жазбаған сияқты, – деді Назбура Садықова.

Назбура Садықова

Тұрғындар сөзінше, ескілік қамытын киген ғимарат Риддердегі лицейдің осыдан 15 жылдай уақыт бұрын апаттық жағдайда деп шығарып тастаған мектебі. Соны «Шаңыраққа» бере салған. Осыны ескере келе, ата-аналардың бірі Сәкен Әбдіғалымов «Біздің балалар неге жібі түзу мектепте оқымайды?» деген.

Тағы бір айта кетерлік жайт, қала әкімдігі ұсынған ресми ақпарат тұрғындар жадындағы мәліметпен қабыспайды. Яғни, 600 орындық мектепте қазір 310 оқушы білім алуда. Бірақ ата-аналар мұны «оқушылар саны жартысынан асуы үшін көбейтіп жазылған қате сан. Шындығында, 235 бала оқиды» деді.

«Халықаралық қазақ тілі қоғамының» өкілдері қаңтар айының басында қол жинап, жаңа мектепті «Шаңыраққа» беру үшін Президенттен бастап, облыс, қала әкімі, облыстық Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваға ашық хат жазған. Жалпы, қалада 16 мектеп бар. Дегенмен жалғыз қазақ мектебінің төбесінен бастап еденіне дейін тозып тұрғаны әзірге шенді-шекпенділердің назарына ілікпеген секілді. Тұрғындар бәрін айта келе, кезінде апаттық жағдайда деп шығарылған мектептегі ұстаздардың біліктілігі өз биігінде екендігін атап өтті. «Балалар республикалық бәсекелерден жүлдесіз қайтпайды» дегенді сеніммен сөз етті.

Көптің үміті күл болды

Күні кеше осы бойынша облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің Instagram парақшасында пікір білдірді. Оның сөзінше, «Шаңырақ» мектебінің спорт залын жөндеу үшін биыл 25 миллион теңге бөлінбек.

– Мектептің жағдайы жаман емес. Жөндеу жұмысына қазір қосымша 60 миллион теңге бөлейін. Абаттандырып, сырлап, тез арада қалыпқа келтіру қажет. «Шаңырақ» мектебінің екі ғимараты қуантарлық жағдайда, кабинеттер жылы, жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп тұрады, – деді әкім.

Риддердегі ат төбеліндей аз қазақтың жалғыз тілегіне жоғарыда тоқталдық. Негізінде, былтыр қолданысқа берілген 600 орындық мектепті көп ата-ана Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ашылған соң ұлт ұстазының есімімен аталып, соған «Шаңырақты» көшіреді деп үміт еткен.

Бірақ қала әкімдігіндегілер бұл туралы білім басқармасы ұсыныс бермегендіктен «Шаңыраққа» жаңа мектеп салу жоспарда жоқтығын айтыпты. «Халықаралық қазақ тілі қоғамының» хатшысы Құралай Садықова 30 жылдан астам уақыт егемендік алғалы еш өзгерістің болмауын биліктегілердің сылбырлығы һәм немқұрайлығымен байланыстырды.

– Менің ойымша, «Шаңырақты» жаңа мектепке көшірілуге әбден лайық деп санаймын. 20 жылда тұңғыш салынған мектепті біз заң аясында сұрап отырмыз. Ешқандай митинг ұйымдастырып жатқан жоқпыз, басқа ұлтқа теріс көзқарас танытудан аулақпыз, – деді Құралай Каукенқызы.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, қалада 56 мыңға жуық тұрғын бар, соның сегіз мыңы қазақ. Осы мектептің тарихы Сәуле Шаяхметова есімді ұстазбен байланысты. 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамын құрып, 1991 жылы «Шаңырақты» ашуға бастама көтерген. Бұл кісі де осыған дейін депутаттардан бастап, президент көмекшісіне дейін хат жазса да күні бүгінге дейін еш өзгеріс байқалған жоқ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ