Сақтансаң – сақтайды!

314
көрілім

Өңір құтқарушылары мұз үстіндегі қозғалыс кезінде барынша абай болуға шақырады. Әсіресе қармағын қамдап балық аулауға шыққан балықшылардың мұз астына кетіп ажал құшқан қайғылы оқиғалары жыл сайын тіркеліп жатады. Осы ретте Шығыс аймақтық аэроұтқыр жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Анатоли Рожков мұз үстіндегі қауіп-қатерден сақтанудың амал-әдістерін газет тілшісіне кеңінен айтып берді.

Мұз үстінен жүрген адамдардың өліміне көбінесе абайсыздық себеп болатын көрінеді. Сондай-ақ рұқсат етілмеген мұз айдынының үстімен автокөлік арқылы жүру, мұздың қаншалықты жүк көтеруге қауқарлы екенін аңғармау (әсіресе балық аулау кезінде), мұз үстінде мас күйінде жүру, балық аулау кезінде қауіпсіздік құрылғыларын тағып жүрмеу – басым жағдайда қайғылы жайларға себеп болып жатады.

Анатолий Рожковтың айтуынша, мұз қатқан айдындардың үстімен жүру үшін ең алдымен сол ауданның немесе қаланың жергілікті атқарушы органы аталған мұз айдынын бақылап-зерттеп, қажет жағдайда құтқару пункттерін орнатулары керек.

– Аңшылық немесе балық аулау кезінде рұқсат етілмеген мұз айдынының үстімен жүрмес бұрын мұз қалыңдығын анықтап, қауіпсіз жерді таңдап алу керек, – дейді ол, – Мұздың, әсіресе, көгерген немесе жасыл күйге ұқсас, қалыңдығы 7 сантиметр болатын аумағымен жүрген дұрыс. Ағыны қатты, қары қалың жатқан, сыртында ши немесе қамыс өскен аумаққа аяқ баспаған әлдеқайда қауіпсіз. Мұздың қалыңдығын шыбықпен немесе таяқпен ұру арқылы білуге болады. Егер алғашқы соққыдан-ақ мұздың бетіне су шығып немесе шытынап кетсе, келген ізбен кері қайту керек. Балық аулау кезінде мұз айдынының бетін бірнеше жерден тесудің қажеті шамалы. Әр балықшы балық аулау кезінде өзімен бірге 12-15 метр арқан алып жүргені абзал.

Мұз үстінде жалғыз жүру аса қауіпті. Әсіресе түнгі уақытта және рұқсат етілмеген мұз айдындарында, күн жылынған уақытта мұз үстінде жүру адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

– Егер мұз айдынының үстінде жүріп, аяғыңыз мұзға кіріп кетсе, сабырдан айырылмай шалт қимыл жасамаса болмайды, – дейді Анатолий Рожков, – Ол үшін алдымен екі қолды екі жаққа созып, мұздың бетінде қалуға тырысу керек. Осыдан кейін асықпай мұздың қатқан аумағына қарай қозғалып, келген жаққа қарай қозғалған жөн. Мұзға түсіп кеткен адамды құтқармақ болған адам ең алдымен оған тым жақындамауы тиіс. Зардап шегушіге мұз үстінде шалқалай жатып, қол созып, бар болған жағдайда белбеу, мойын шарфы, жіп немесе баспалдақ арқылы құтқару керек. Зардап шегушіге жедел көмек көрсетілмесе қайғылы жағдай орын алуы ықтимал, себебі мұздай суда жүзген адам 20-30 минуттың ішінде қатып қалуы мүмкін. Құтқарылған адамды алдымен жылы орынға апарып, шешіндіріп, құрғақ киім кигізіп, ыстық шай берген абзал. Қажет болған жағдайда мұз айдынына түсіп кеткен адамды ауруханаға жеткізген дұрыс.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ