Самар ауданына қарасты Көкжыра ауылында бейіт маңын бықсытып жүрген кімдер?

456
көрілім

Бақилық болғандарға құран бағыштап, тәу етуді ойлаған жан алдымен күлімсі иіспен тыныстап алып, алақан жаяды. Осылай жалғасып жатқанына үш-төрт жыл болды. «Әкімдік қайда қарап отыр?» деп ашуға булығатын сәт емес, алдымен маңайға көз салған жөн сияқты. Самар ауданына қарасты Көкжыра ауылында кезекті мәселелер қордаланып қалған. Бірнешеуі биыл, қалғаны алдағы жылдары шешімін тауып қалар. Болжап жатпай, анық-қанығын округ әкімінен сұрап көрдік.
Жарық неге жанбайды?

Тақырып бірнешеу болғанмен рет-ретімен тоқталайық. Қазір ауылды жарықтандыру жұмысы бір бағытқа қойылған. Айталық, Абай көшесі бастан-аяқ қараңғылық көрпесін жамылып, түн түңлігін түргенде қою қара түске бояла түсетін еді. Бірнеше жылдан бері баған орнатылып, одан бөлінген жарық біршама үйдің ауласын жарыққа бөлейді. Таза ауызсу тарту жұмыстарының басталғанына үш жылдан асса да соңына дейін жеткізуге әлдебір кедергілер кесе көлденең тұр. Қиыршық тас төгілген көшелер бар. Самар аудан болып бөлінгенге дейін орындалған аз-кем жұмыстар легі осындай. Ауыл спортын дамытудың маңызын Президент те, спорт жанашырлары да жиі айтады. Көкжырадағы футбол қорабының салынғанына үш жыл болыпты. Бірақ жарығы әлі тартылмаған. Жаз айларында кешкі сағат 20:00-20:30-ға дейін жарық болғанмен, арада 20-30 минут өткенде айнала күңгірт тартып, әрі қарай тепкен доптан көз жазып қалу қиын емес. Құлынжон ауылдық округінің әкімі Самархан Демесіновтің осыған дейін берген жауабында «автовышка» келіп, шам қосылады деген болатын. Дегенмен қыбыр еткен қозғалыс әлі байқалмайды. Кешкі малды жинап әкеліп, футбол алаңына асыққандар аз уақыттан соң тарқасып жатады.
– Жуырда қосымша қаражат бөлініп, енді басталған істі соңына дейін жеткізбек. Тамыз айында қамтылмаған тағы екі көшеге жарық тартылмақ. Сол кезде футбол алаңы да қамтылады. Бұдан бөлек, Рахметов көшесінің шамдары да жанбайды. Осының барлығы алдағы апталарда шешімін табады, – деді округ басшысы.
Жауапты тұлға осыған дейін ауылда бір мезетте барлық шам жанбай қалғанын алға тартты. Солай бірнеше мәрте жалғасқан. Анықталғандай, әлдекімдер жарық таралатын автоматта әлденелерді қиратып кеткен. Мамандар ақаудың қайдан шыққанын тексергенде осыны аңғарыпты. Әкімнің пайымы: мұны көшеде бейсауат жүрген жастар істеуі мүмкін.
Жинақы етіп жинастырған
Бейітке қатысты жағдай округ әкімдігінің назарында тұр. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстың бірі – зират пен ауылдың бел ортасына дейін жетпесе де, маңайына едәуір шашылған қоқысты биік-биік етіп жинастырып қою. Өртеп жіберуге болмайды дейді. Ал жанындағы терең әрі ауқымды шұңқырға (карьер) төгіп жатқандар ілуде біреу.
– Негізі қоқыс үшін бекітілген алқап осы. Ал келеңсіздік бөгеуін ағытып, ескі-құсқы заттар мен қоқысты жергілікті тұрғындар төгіп жатыр. Сәл жинақылық танытса, бұлай ушықпас еді, – деді Самархан Демесінұлы.
Бұдан да ұтымды тәсілге көшуге әкімдік қазынасында қаражат жоқ. Сол себепті алғашқы әрекет жинастырудан басталған.
Ауылдағы Амангелді орта мектебінің маңы жазғы каникул кезінде бір сәт тыныштық  құшағында қалып, қарбалас сәт байыз табады. Алайда Ертіс жағасында тынығуды мақсат етіп атбасын бұрғандар, одан бөлек, басқа да тірлікті ту еткендер мектеп алдынан мәшинесімен жүйткіп өтеді. Бұл дегеніміз – кез келген жаяу жүргінші үшін қауіпті.
– Қандай іс болса да оқыс жағдайдан соң шешімін тауып жатады. Соған жеткізбей күрмеуі тарқаса игі еді. Мектеп алдына жылдамдық бәсеңдеткіш (лежачий полицейский) қойылсын деп талай жылдан бері айтып келемін. Көліктер қатты жылдамдықпен келе жатып балаларды басып кететіндей. Оқушылар тұрмақ, ересектердің өздері жазым болулары мүмкін ғой, – деді ауыл ақсақалдарының бірі Қасым Токов.
Бұл жерде Самархан Демесінұлы арнайы белгі орнату округ әкімдігінің құзыретінде еместігін жеткізді. Яғни аудан басшылығы тарапынан жіберілген хатқа облыс көлемінде шенеуніктер жауап берулері тиіс. Анықталғандай, хат жіберіліп қойған, бірнеше айдың жүзі болды жауап келмей жатыр. Аудан әкімдігі атынан алдағы уақытта бұл жағын қайта қозғайтындығын айтты.
Жол жөнделе ме?
Кей жұмыстың нақты жоспарға енбеуі аудан басшылығы құрамының толық тағайындылмауымен байланысты көрінеді. Осы жағы реттелген соң Көкжыраға кіреберіс үш шақырым да жөндеу көретін сияқты. Бірақ биыл емес.
– Құлынжон мен Көкжыраға қатысты жұмыс-жобаларға кәсіпкер Айдын Рахымбаев қаржы бөледі. Қазір округ орталығында «Community centre» орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ауыл мектебінің оқушылары бос уақыттарын тиімді өткізіп, шығармашылықтарын дамыта алады. Осындай ірі құрылыстармен қатарласа, бұл мәселе де қолға алынып қалар, – деді Самархан Демесінов.
Естеріңізге сала кетейік, Көкжыраның жолы осыған дейін 2019 жылы тамыз айында жөнделген. Үш жылдан астам уақыт бұрын орындалған жұмысқа 7,5 миллион теңге қаржы жұмсалды. Қазір жүрсеңіз шұрқ тесік лезде шаршатады. Тіпті, жөндеу көрмеген бе дерсің. Жер жадысын білмеймін такси жүргізушілері бара-бара ауылға кіруге құлық танытпайды. Тым құрығанда келер жылы жоспарға енсе 700-ден астам тұрғыны ауылда тіршілік алауы қайта қызатын еді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ