Самар ауданының тумасы Дастан Таранов суға жүзуден чемпиондар баптап келеді

923
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Аядай жерде жаттығып, алдына қара салдырмайтын жеткіншектер аз емес. «Бағытымыз айқын, бізді кім тоқтатар?» дейтіндей. Солардың басын қосып, жеңіске жетелеп жүрген самарлық Дастан Таранов бапкер ретінде үнемі ізденісте. Қызыл сөз бен мақтау-мадақты ұната бермейтін кейіпкеріміз үлкен спортты сала емес, тұтас ғылым ретінде көреді. Өскеменде суға жүзуден талай чемпионның томағасын сыпырып, өмір ағысына қарсы жүзген азамат шәкірттерін түкпірдегі ғимараттың бірінде дайындап жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бөгетті малтып бағындырған
Дастан Әмірханұлының әкесі мен анасының көзін көргендер жерлестері жайлы жылы лебізден басқа сөз шығармады. Екеуі де қарапайым еңбек адамдары. Бірінің ұлты қазақ, бірінікі орыс. Әйткенмен Самар ауылының тумасы әжесінің тәрбиесін көбірек көріп, бала күнінен бағытын айқындап үлгерген. Тегі Таранов болуының бір себебі осыдан – интернационалды отбасы. Туған жерінде талай рет бөгеттен малтып өтіп, шынығып өсті. Жалпы, Ертісті жағалай орын тепкен елдімекендерде кіндік қаны тамған талайы жүзуден қара жаяу болмағаны белгілі. Дастан Әмірханұлы үлкен спорттың тізгінін алғаш осылай қапсыра ұстаған. Ол кезде Самар жұртының қарасы қазіргіден мол. Сонда спорттың қай түрін алсақ та, бәсекелестік алауы жанып тұрды. Кейіпкеріміз Жұбандық Болғанбаев атындағы мектепте білім алып жүріп еркін күрес үйірмесінің есігін ашты. Аудандық жарыстарда есімін айшықтап кеткенін бойына біткен мінезіне қарап та байқауға болады. Біртоға, байыпты һәм өжеттігі өн бойынан аңғарылады. Қос спорттың қазанында қайнап үлгерген жерлесіміз Самардағы мектепті тәмамдап, Өскеменге жол тартты. Бұл 2006 жыл. Алған бағдары айқын – дене шынықтыру пәнінің ұстазы болу.
– Қай спорт түрін қолға алсам да барымды салуға ұмтылатынмын. Бір нәтижеге жетпесең еңбектің еш кеткені. Жетінші сынып оқып жүргенде турникке 54 рет тартылдым. Иә, көбі сенбейді. Жеңіл атлетика да мені жаңа қырымнан ашты. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова бізге құдаша болып келеді. Ол кісінің де қолдауы ерекше. Қателеспесем, 2011 жылы ғой деймін, орнымда тұрып ұзындыққа секіргенде үш метр 16 сантиметрге қарғыдым, – деді Дастан Таранов.

Спорт пен білімді сабақтастырып...
Содан оқуға түсті. Ауыл баласының үлкен шаһарға келуі бірден жаңа достар тауып, ортаға еркін сіңісіп кетумен үнемі аяқтала бермейтіні рас. Жергілікті бұзақылар тісін қайрап, қысым да көрсетті. Әр кикілжің мен ерегес Дастан Таранов үшін өзінше өмір мектебі еді. Оқу жалғасып жатты, білім алуын тоқтатпады. Бізді тәнті еткен бір жайт – спортты серік еткен азаматтың ой еркіндігі мен тілінің тазалығы. Қазақша мен орысшаға судай. Тіпті өзі жайлы қысқаша ақпарат көрсетілген түйіндемесінде «Ағылшын тілі – еркін» деп жазылған. Көбінің парағында «сөздікпен» деп тұратын, Дастан Әмірханұлының бұлай жазып көрсетуі тегіннен емес.
Спортпен қатар өмірдегі сауаттылығы жерлесімізге әр салада басымдық берген. Студенттік шағынан жүзуден бапкер атанғанға дейінгі аралықта небір бұралаңды өткерді. Айтпақшы, екі жақтан алма-кезек шабуыл жасап, допты еденге шегелей қадайтын волейбол спорты да кейіпкеріміздің оң жамбасына келді. Сол 2006-2010 жылдар аралығында облыс көлемінде өзіндік қолтаңба қалдырған «Барақ» сапында атой салды. Жылдам, тарамыс, алаңды сезініп, қақырата соққы жұмсайтын жігіт бапкер назарына іліккен. Бірақ бұл қамал да толықтай алынбады. Бұзақылармен болған жанжалдан жерлесіміз жарақат алып, үлкен спорттан алшақтауға мәжбүр болды. Кейін волейболдан шәкірт баптап, одан да біраз биікті бағындырды. Өскемендегі «Алтай» ерлер волейбол клубының либеросы болған Аян Айымханов Таранов жерлесіміздің тәлімін көрген.
Жүзу, еркін күрес және волейбол. Бұл аралықта спорттық гимнастиканы да серік етті. Дастан Таранов тек нәтиже көрсетіп шектелген жоқ, дене шынықтыру пәні ұстазы болып жүргенде қаңырап тұрған мектеп спорт залына жан бітірді. Бұл Ахмер (әскери қалашық) орта мектебінде еді. Кәсіпкерді өкшелеп жүріп, спортқа қажет жабдықтарды алғызып, мұрты бұзылмаған мәселелерді біржақты етті. Жарақатына бола үлкен спорттан айлап қол үзді. Бірақ та бапкер ретіндегі қабілеті осы кезден көрініс берді. 2016 жылы Өскемендегі су спорты түрлері бойынша ШҚО мамандандырылған балалар-жасөспірімдер резерв мектебінде жаттықтырушы жұмысын бастады.
– Алғашында бассейнге енді бой үйретіп бастағандарды қарап, аман-есен жүзіп шығуларын қадағалап жүрдім. Жаттықтырушы ретіндегі міндетімді бірден атқарып кете алмадым. Сырттай бақылап жүргенде көп баланың қанша рет келсе де малтудан кенде екендерін байқадым. Іштей түрлі ойлар келді: «Волейболдың мына жаттығуын жасап, еркін күрестегі осы бір әдісті істетсе қалай болады? Гимнастикадағы әнеу бір жабдықты берсе, икемдірек қимылдар ма еді?» деп сараптаумен болдым. Ол кезде облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасын Елдос Чикенов тізгіндеп тұрған, – деді Дастан Әмірханұлы.

Бассейндегі бәсекелестік
Жүзу бапкері болып осы кезде алғашқы сағаттарына қол жеткізген еді. Жүріп өткен жолында спорттың түрлі әдісін меңгерген маман басында бірнеше жеткіншекті қарамағына алған. Әрине, бірден чемпион атанбады. Бірақ аз уақыттан соң кейбірі көптен бері қатысып жүрген ұл-қыздардың алдына түсті. Тарановтың қоластына өткен бүлдіршіндер де көбейе бастады. Көп ұзамай өзге жаттықтырушылар мен Дастан Әмірханұлы баптайтын балғын спортшылар арасындағы бәсекелестік алауы тұтанды.
Орталық бассейн бүккен мүмкіндіктер жетерлік. Жүзу жолағы көп, әрі кең. Бірақ осы кеңшілікте жерлесіміздің еңбегінен кемшілік көрген олимпиадалық резерв мектебінің басшылығы кілтипан тауып, кенеттен кінәрат тағуын жиілетті. Оқиғаның неден басталып, қалай өрбігенін ашып жазудың қажеті жоқ болар. Анығы сол, бапкерге енді мұнда қалудың жөні жоқ.
– Жұмысымды тоқтатамын дегенде ата-аналар өре түрегелді. «Қалсаңызшы, балаларымыз сізге үйреніп қалды» деп қолдауын һәм қимастықтарын білдіріп жатты. Кейбірінің балалары қалалық, республикалық сайыстарда олжа салып үлгерген. Содан Добролюбов көшесіне көш түзедік. Ендігі аялдама сол жердегі бассейн. Көпшілігі үшін алыстау, бірақ спортты серік еткен бүлдіршіндер мен ата-аналары оған да көз жұмды, – деді бапкер.
Еркін күрестен жүзуге түпкілікті ойысқан жерлесіміз енді осыны уыстан шығармауға бекінді. Магистратуралық білімі бар жерлесіміздің Орталық бассейнге орныға алмағаны өкінішті. Иә, университетте біліп алып жүріп менеджментті де меңгерді.

Руслан орнатқан рекорд
Орталық бассейннен ірге сөккелі Тарановтар отбасы «Altay swimming» деп аталатын жүзуден спорттық клуб ашты. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі алғаш болып қолдаған. Бұл 2019 жылдың қаңтары. Клубтың өз бассейні пайда болғанша Добролюбов мекенжайы біршама пана болды. Бар-жоғы екі жүзу жолағы бар. Соған қарамастан пандемия алдында ірі жарыстарға сапалы әзірлік жүргізіп үлгерді.
– Вилен Байдельдиновпен бірлесе (тәжірибесі мол бапкер әрі Дастан Тарановтың серігі) шәкірттеріміз үшін жаңа бағдарлама ойластырдық. Ескі мектептің әдістеріне жаңашылдық қосып, аз уақытта нәтиже көрсете бастадық. Мәселен, карантин алдында қатысқан «Бурабай маржаны» жарысына сегіз бала апардым. Ал облыс құрамасы жаттықтырушылар 43 шәкіртіне сенім артты. Сайыс нәтижесінде мен апарған жеткіншектер мен жасөспірімдердің біреуі күміс медаль, тағы жетеуі ондықтың қатарына енді, – деді жерлесіміз.
Сол сында 50 метр қашықтыққа еркін әдіспен жүзген Мансұр Қанатұлының мерейі үстем болды. Құрылғанына төрт жылдан асқан спорт клубында ел рекордын орнатқан жасөспірімдер бар. Мәселен, өз жас ерекшелігі бойынша 200 метр қашықтықты брасс әдісімен 2 минут 36 секундта жүзіп өткен Руслан Максимов сияқты спортшылар Дастан Тарановтың аламандарға дайындап жүрген «сәйгүліктерінің» бірі. 2021 жылы атой салған өрен қазір Алматы жастар құрамасы сапынд жаттығады.

Жас буынның жаңа жорығы
«Altay swimming» клубында 200-ден астам бала жүзумен айналысады. Республикалық, халықаралық аламандарда аймақ абыройын асырып жүрген ұл-қыздарды дайындауда Арман Зайнолдинов пен Диана Бычкова сынды жаттықтырушыларды да айта кеткен орынды. Кілең жастар. Бірақ алдарына тау мақсат қойған.
Елішілік жарыстардың біріне 48 бала алып барған сәт те өзінше қызық. Дастан Тарановтың 48 тағдырды жауапкершілігіне алып, жүлдеден де шашау шығармауы – өз ісінің шебері екенін аңғартады. Олардың ішінде кенеттен ауырып, жарысқа қатыса алмай барып келгендері бар. Әйтеуір, көп спорттағыдай емес, суға жүзетіндерде тағамға шектеу жоқ. Көңілі соққанның бәрін асқазанға жібереді. Тек жарыс алдында майлы тағам мен газдалған сусын ішпегендері дұрыс.
КСРО кезінде Самар ауылындағы мешітті салдырған Оңғарбаевтар отбасы да Дастан Тарановтың аталарының бірі. Өскемендегі бірқатар спорт маманы жерлесімізге бапкер ретінде де, облыс азаматы ретінде де лайықты бағасын беріп үлгерген. Әйтсе де кейіпкеріміз бір сәт те босаңсымақ емес. Әлсіздік танытса аңысын аңдығандар бар еңбегін жоққа шығаруға әзір тұрғандай. Ресейдің бірқатар қаласына шәкірттерін апарып, ірі сайыстарда медальмен сан рет оралды. Ұдайы жарыс, үнемі оқу-жаттығу жиыны. Қазіргі уақытта Стрелка ауданындағы «Протозановский» спорт кешенін жалға алып, жас буынды жаңа жорықтарға жаттықтырып жатыр. Ол да екі жолақты. Біз барғанда үш қабатты ғимараттың мұржасынан түтін будақтап жатты. Жастардың жаңа лебі сияқты көрінді. Көшенің түкпіріндегі түтін өшпесе екен дедік.
Бала күнінде бөгеттен малтып өткен кейіпкеріміз қазір суға жүзуден өз мектебін қалыптастырып үлгерді. Құдай қуат берсе, әлі талай белесті бағындырар. Бапкердің қазіргі арманы – Өскеменде тағы бір бассейн салынса дейді. Отыздың үшеуіне аяқ басқан азамат апталап жарыста жүріп, отбасын да сирек көреді. Мұның бәрі де шәкірттеріне деген махаббатынан деп білдік.
Әділхан ЕСІМХАНОВ