Саңлақтар түсті сайысқа…

273
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында спорт күні кеңінен аталып өтілді. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бекітілген мейрам кезінде өңіріміздің қала-аудандарында әр түрлі сайыстар ұйымдастырылды.

Өңірдегі барлық аудан тұрғындары қол күрес, гір көтеру және одан да басқа спорт түрлері бойынша бақ сынасып көрді. ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, басты шаралар облыстағы екі ірі қалада өткізілді. Семейда алғаш рет жартылай марафон жарысы жалауын көтерді. Оған жас ерекшелігіне қарай ұзын саны 300-ге жуық әуесқой қатысқан-ды. Айта кету керек, бәсеке барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатқа ие болумен қатар, ең жас әрі ең егде қатысушылар да назардан тыс қалмады. Онда жасы үлкен спортшының дені 77-де болса, жасы кіші қатысушы 12-де еді. Аталмыш додаға Өскемен, Семей қалалары, облыстағы барлық аудандар, одан бөлек, Астана, Алматы қалаларынан және Ресей, Германия сынды алыс-жақын елдерден де келіп өз мүмкіндігін байқады.

– Негізінен біз спорт күнін атап өтуге бір айға жуық уақыт арнаймыз, – деді Семей әкімшілігі спорт бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаев. Тамыздың басынан бастап күн сайын қандай да бір спорт түрінен жарыстар өткізіп келеміз.

Мәлім болғандай, бұл Семейдегі соңғы жарыс емес және қалалықтар спорт күнін әлі де атап өтпек. Алдағы уақытта барлығы біркісідей пауэрлифтинг, тоғызқұмалақ, шахматтан «кім мықтыны» анықтаса, тамыздың 25-і күні бұқаралық ақпарат құралдары мен қалалық әкімшілік қызметкерлері арасында дәстүрлі матч өткізіледі.

ШҚО-ның әкімшілік орталығы да жалпы мерекеден шет қалмады. Облыс орталығында жеңіл атлетика жүгірісі өткізілді. Жарыс жолы Славский атындағы Ертіс жағалауынан бастау алған еді. Бұл додаға 300-ге жуық әуесқой мен кәсіпқой желаяқтар бақ сынасты. Мәреге алғаш жеткен 15 қатысушыға, оның ішінде ерлер мен әйелдерге жекелей мадақтама қағаздары мен естелік сыйлықтар табысталды.

Ең толқыныс тудырған сәт спорт ардагерлерін марапаттау болды. Онда ардагерлерді жас буынға үлгі етіп, оларға жұртшылық алдында құрмет көрсетілді.

Асқар ТҰМАРБЕК