Алдағы 10-15 күн ішінде Тарбағатай, Зайсан және Аягөз аудандарындағы мектептер мен балабақшаларға толықтай көмірмен қаматамасыз етілмек. Осылайша өңірдегі көмір мәселесінің бір бөлігі тәмамдалмақ. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Асхат Букатов мәлімдеді.
- Облыстағы әлеуметтік нысандарға көмір жеткізу мәселесі толықтай шешілді десе де болады, - деді Асхат Букатов баспасөз мәслихаты барысында. - Қыркүйек айының басындағы жағдаймен салыстырсақ, қазіргі уақыттағы жағдай әлдеқайда жақсы. Мектептер мен балабақшалардың көмірмен қаматамасыз етілуі 92 пайызды құрайды. Қыркүйектің басында денсаулық сақтау нысандарының көмірмен қамтамасыз етілуі 55 пайыз болған, қазір оның үлесі 91 пайызға жетті.
Естеріңізде болса, біз осыған дейін көмірдің жеткізілуімен қатар, оның сапасы да көңіл көншітпейтіні жайында жазған болатынбыз. Баспасөз мәслихатында тілшілер сауалына жауап берген Асхат Букатов сапасыз көмір алған тұрғындарға әлі де үміттің жоқ еместігін алға тартты.
- Көмірмен қамтылу мәселесі шешілсе де оның сапасы жайлы мәселе әлі күн тәртібінен түскен жоқ, - деп қосты жауапты тұлға. - Дегенмен көмір сапасына деген жауапкершілік көмір жеткізілетін орын иесіне артылады. Көмір қоспасының пайыздық арақатынасына қатысты келісім-шарт бар. Егер көмір сататын орынға сапасыз көмір жеткізілсе оның иесі кесек көмірді електен өткізіп, "Қаражыра" АҚ өкілін шақыруы тиіс. Ол келіп акт жасап, шығын орнын толтыруы немесе көмірді қайта айырбастауы керек.
Егер көмір қалай да тұтынушыға жетіп қойған болса, оны сатып алған азаматтың сапасыз көмірді сатып алудан бас тартуына болады. Алайда көмірді жеткізіп, есігінің алдына төгіп алған тұрғын үшін бұл әрекет екі есе шығынға айналуы мүмкін.
Сондай-ақ Асхат Букатов тұрғындарға көмірді "Қаражыра" немесе "Майкөбе" кен орындарынан алуға болатынын айтады.
Ерлен ОСМАНОВ