Өңірімздегі мектеп асханаларының 90 пайыздан астамы талапқа сай жұмыс істемейді. Бұл бірінші жартыжылдықта мектеп асханаларын жалға алушылардың жұмыстарына жүргізілген тексеру барысында анықталды. Атап айтсақ, сөрелерде өнімнің сапасын растайтын құжаттар болмаған, ал тамақты арнайы білімі жоқ адамдар дайындаған.
Жыл басынан бері облыстық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті 290 мектептің асханасына тексеру жүргізген. Тексеру олардың 283-ің жұмысты өрескел бұзушылықтармен жүргізіп отырғанын анықтаған.
Негізінен аспазшылардың медициналық тексерістен уақытылы өтпеуі, тоңазытқыш құрылғыларының температуралық режимін сақтамау, тәуліктік сынамаларды алу және сақтау талаптарының бұзылуы сияқты заңбұзушылықтар тіркелген. Кейбір асханалар тіпті азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды да көрсете алмаған. Кейбірінде кір ыдысты жуу талаптары сақталмаған.
- Заң бойынша біз мұндай тексерулерді жылына екі рет жүргізуіміз керек, бірақ тендер тек жылына бір рет қана өткізіледі. Осы себепті кесте бойынша жылына бір рет тексеру өткізген соң біз екінші рет тексеру жүргізуге рұқсат жоқ. Ал бұл уақытта оның орнын басқа кәсіпкер басып бақылаусыз жұмыс істей беруі мүмкін, - дейді департамент басшысының орынбасары Болат Қуанышбеков. - Бұрындары мектептегі медбикелер бізге көп көмек көрсететін. Алайда оларды Денсаулық сақтау басқармасының құзырына бергелі бері мектеп медбикелері білім мекемесінде жарты күн отырып, балалардың тамақтану сапасын бақыламайды.
Нәтижесінде мамандар мектеп асханаларының 97 пайызында балалардың қауіпсіз тамақтанбайтыны жөнінде шешім шығарды.
Ерлен ОСМАНОВ