Өңір тұрғындары тасы көп көмірді сатып алудан бас тартып жатыр, деп хабарлайды газет тілшісі YK-news.kz сайтына сүйене отырып.
Облыстық әкімдікте 8 қазан күні өткен қоғамдық тыңдаулар барысында өңір тұрғындарының көмірмен қамтамасыз етілу мәселесі қаралды. Облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Асқар Букатовтың хабарлауынша, бүгінгі таңда өңір тұрғындарының 70 пайызы көмір алып үлгерген.
Дегенмен, қытымыр қысты суық үйде қарсы алуы мүмкін тұрғындарымыз да жоқ емес. Олардың көпшілігі көмірді тасының көп болуы себепті алмай отыр. Мысалы Шемонаиха ауданының тұрғындары биылғы көмірдің топырақ сияқты екенін алға тартуда. Оған төлеген ақшаны желге шашумен бірдей екенін айтқан. Мұндай мәселемен облыс орталығының тұрғындары да бетпе-бет келген.
- Соңғы бірнеше күн болды, бізге көмір сапасына қатысты азаматтардан арыз-өтініштер келіп түсуде. Кесек көмірдің ішінде тастары бар дейді, - деп қосты Асхат Кенжебекұлы.
Облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюк жақын арада орын алған жағдайдан жол табу қажеттігін ескертті.
- "Қаражыра" ЖШС өкілдерін шақырып, акті жасаңыздар, жақын арада көмірді ауыстыру қажет, - деді Владимир Михайлович.
Ерлен ОСМАНОВ