Сарбаздарды шығарып салды

333
көрілім

13 қараша күні облыс орталығында Әскерге шақырушылар күні аталып өтілді. „Ертіс концерт„ мекемесінде ұйымдастырылған шараға ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мұрындық болды. Концерт соңында жиылған қауым жас сарбаздарды салтанатты түрде ҚР Қарулы Күштерінің қатарына аттандырды.

Әскерге шақырушылар күніне орай өткізілген мерекелік шараға әскери қызметшілер, ата-аналар мен жас сарбаздар қатысты. Жиылған дүйім жұрт патриоттық әндерден сусындап, әскерилердің арнайы көрсетілген оқу-жаттығуын тамашалады. Шараның шымылдығын Шығыс Қазақстан облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Қайырбек Қайырқанов өз сөзімен ашты:

– Болашақ Отан қорғаушылар, сіздер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына шақырылып отырсыздар. Мінекей, өздеріңіздің Конституциялық әскери борыштарыңызды өтейтін уақыт та келіп жетті. Ел халқының бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету егеменді мемлекеттің гүлденуінің берік құндылығы. Сіздер әскерге барғанда есімі аңызға айналған ұлт Батыры Бауыржан Момышұлының өсиет сөздерін әрқашанда естеріңізде сақтаңыздар. Жауынгерлік борышты өтеу жеңіспен бірдей!

Шара барысында ШҚО Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикеновке алғашқы әскери офицерлік шені берілді.

– Жыл сайын екі рет осылай сайдың тасындай іріктелген бозбалаларды әскерге шығарып саламыз. Кезінде біз де дәл сіздер сияқты әскерге шақырылып, ант бердік. Сапарларың оң болсын! – деді ҚР Қарулы Күштері ардагерлерінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Төкен Билялов.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ