Сайрангүл Жұмаділова: «Айбек Серікболұлы жұмысқа шыққан соң оны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралмақ»

473
көрілім
Фотосуреттер inform.kz және vesti.kz сайттарынан алынды

Семей қаласындағы көлік колледжінің директоры Айбек Нұғымаровтың қаладағы тойлардың біріне қонақ ретінде қатысуы соңғы екі күн ішінде қызу талқыланған жаңалықтардың бірі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған жайтқа қатысты өз уәжін білдірген ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың сөзінше, ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан 6 колледжде ғана Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің департаментімен келісім бойынша оқу жылы барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі форматта басталған болатын.
– Колледждер тарапынан студенттер мен колледж қызметкерлерінің денсаулығын қорғауды сапалы ұйымдастыру үшін санитайзер, тепловизор, антисептик және тағы басқа қажетті құралдар сатып алынды. Қалған колледждер оқу жылын қашықтан немесе аралас форматта бастады. Бұған қажетті дайындық та жүргізілді. Білім алушылар мен педагогтардың және колледждердің басқа да қызметкерлерінің санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Мұндай күрделі кезеңде барлық оқытушы құрамы мен студенттерге үлгі болатын директордың өзі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзуға жол берді. Айбек Серікболұлы қазіргі уақытта еңбек демалысында. Жұмысқа шыққан соң оны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралатын болады.
Осыған орай оқытушылар қауымын қолданыстағы шектеулерді сақтауға, сондай-ақ қашықтықты сақтаудың, бетперде киюдің және санитарлық нормаларды сақтаудың маңыздылығын көрсетуде белсенділік танытуға шақырамын, – деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.
Айта кетейік, желіде желдей ескен видеода тағы бір жерлесіміз Мұхит Тұрсынов та көпшілік назарына ілікті.