Сәби еншісі

928
көрілім

Декреттік төлемақыларды есептеу жолдары қандай?

Біз бұл жолғы мақаланы биылғы жылы декреттік демалысқа шығып, бала күтімімен айналысуды мақсат тұтқан ата-аналарға арнамақпыз. Қазіргі уақытта декреттік төлемдер мен бала туғанда және оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақылар мөлшері қандай? Аталмыш төлемақылар қалай есептеледі? Ол үшін қандай құжаттар талап етіледі? Сұрақ көп, өйткені жұмыс істейтін және істемейтін әйел-аналар мұндай төлемдерді әртүрлі мөлшерде алады…

Елімізде әйелдерге жүктілігіне және босануына байланысты ұзақтығы босануға дейін 70 күнге және босанғаннан кейін 56 (егер әйел қиналып босанса, я болмаса екі немесе одан да көп бала туса 70 күн) күнге дейін демалыс беріледі.

Қазақстанда әйелдерге декреттік демалыс жүктіліктің 30 аптасында беріледі. Егер азаматша егіз немесе үшем көтерген болса 28 аптада декреттік демалысқа шығуына болады.

Назар аударыңыз!

Декреттік төлемдерді есептеуде айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі жалақы деңгейі қолданылады. Биыл біздегі айлық есептік көрсеткіш — 2405 теңгеге тең болса, ең төменгі жалақы мөлшері — 28 284 теңгені құрайды.

Декреттік демалыстың ақысын кім төлейді?

Жұмыс істемейтін әйелдер үшін: жүктілікке және босануға байланысты бірреттік әлеуметтік төлемақы, сондай-ақ бала күтіміне байланысты берілетін ай сайынға әлеуметтік жәрдемақы мемлекеттік бюджеттен төленеді.

Жұмыс істейтін әйелдер үшін: жүктілікке және босануға байланысты бірреттік әлеуметтік төлемақы, сондай-ақ бала күтіміне байланысты сәби бір жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақы тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқандарға ғана әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді.

Яғни, жұмыс істемейтін әйелдер босануға байланысты белгіленген бірреттік мемлекеттік жәрдемақы мен бала бір жасқа толғанға дейін берілетін әлеуметтік жәрдемақы сияқты екі түрлі төлемақы алса, жұмыс істейтін әйелдер босануға байланысты белгіленген бірреттік мемлекеттік жәрдемақы, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу бойынша бірреттік әлеуметтік төлемақы мен бала бір жасқа толғанға дейін берілетін әлеуметтік жәрдемақы сияқты үш түрлі төлемақыны ала алады.

Декреттік демалыста отырып екінші балаға жүкті болған әйел жоғарыда көрсетілген екі түрлі, егер ортасында бірнеше ай жұмысқа шығып, қайтадан декерттік демалысқа кеткен болса қайтадан үш түрлі әлеуметтік жәрдемақы ала алады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, бала күтіміне байланысты демалысты қажетті құжаттарды ұсына отырып босанған әйелдің күйеуі де ресімдей алады. Біз бұған дейін бұл жайлы газетіміздің 2018 жылғы 2 тамыздағы санында "Төлемақы әкесінің атына ресімделе ме?" деген мақалада түсіндіріп жазған болатынбыз. Сәйкесінше, бала бір жасқа толғанға дейінгі ай сайын берілетін әлеуметтік жәрдемақы күйеуінің жалақысына байланысты есептеледі. Бірақ, бала күтіміне байланысты декреттік демалыс алған әке жұмысынан да уақытша қол үзуге тура келеді.

Төлемақылар мен жәрдемақылардың көлемі

Бала туғанда берілетін бірреттік мемлекеттік жәрдемақы: жәрдемақының бұл түрі мемлекеттік бюджеттен төленетіндіктен оны жұмыс істейтін және істемейтін әйел-аналардың барлығы бірдей мөлшерде алады. Жәрдемақы белгіленген тәртіпте есептелетіндіктен ол жыл сайын үкіметпен белгіленетін айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты. 2018 жылы АЕК — 2405. Енді қараңыз:

Бірінші, екінші және үшінші баланы босанған әйелдердің барлығына — 91 390 теңге (38 АЕК), ал төртінше және одан кейінгі баланы босанған әйелдерге — 151 515 теңге (63 АЕК) беріледі.

Бала бір жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы төлемақы: Аталмыш жәрдемақы жұмыс істеген және істемеген әйелдер мен ер адамдарға әртүрлі мөлшерде төленеді. Бұл жәрдемақы белгіленген тәртіпте АЕК-ні коэффициентке көбейту арқылы есептеледі. Жұмыс істемеген әйелдер мен ер адамдарға:

- 2 405*5,76 = 13 853 теңге - 1-ші балаға (ай сайын)

- 2 405*6,81 = 16 378 теңге - 2-ші балаға (ай сайын)

- 2 405*7,85 = 18 879 теңге - 3-ші балаға (ай сайын)

- 2 405*8,9 = 21 405 теңге — 4-ші және одан кейінгі туған балаға (ай сайын)

Жұмыс істеген әйелдер мен ерлерге: аталған жәрдемақы мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетіндіктен аталмыш жәрдемақыға тек жұмыс істеген және жұмыс берушісі әлеуметтік аударымдар аударғандар тұлғалар ғана үміт арта алады. Жәрдемақы соңғы 24 айда алған жалпы жалақыны 24 айға бөліп, 0,4-ке көбейту және шыққан сомадан 10% зейнетақы аударымын алып тастау арқылы есептеледі. Бұл қиын емес, есептеп көрейік:

1) Босанғанға дейінгі 24 айда алған жалақының жалпы мөлшерін аламыз. Мысалы бірінші жылы сіздің жалақыңыз 80 000 теңге, ал екінші жылы — 90 000 теңге болды делік:

80 000*12+90 000*12=2 040 000 теңге.

2) Аталмыш санды айларға бөліп, орташа көрсеткішін шығарамыз:

2 040 000:24=85 000 теңге — бұл сіздің орташа айлық жалақыңыз.

3) Бұл соманы 0,4 коэффициенке көбейтеміз:

85 000*0,4=34 000 теңге

4) Сонан соң одан 10% зейнетақы жарнасын алып тастаймыз:

34 000-3 400=30 600 теңге — міне бұл анасы немесе әкесі жұмыс істеген сәби бір жасқа толғанға дейін ай сайын берілетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері.

Тағы бір ескере кететін мәселе: балаға ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері 2018 жылы 113 140 теңгеден аспауы керек.

Егіздердің еншісі

Газет редакциясына оқырмандарымыздан жүктілікке және босануға байланысты келіп түсетін сұрақтар легінің ішінде тағы бір ерекше сауал егіз балалы аналарға берілетін төлемақылар мәселесі болды. Бұл жолы осы мәселені де түсіндіре кетуді жөн көрдік. Егіз тапқан аналарға берілетін бірреттік әлеуметтік төлемақының мөлшерін анықтау қиын емес. Ол үшін нешінші сәбиді дүниеге әкелгенін есептесе болғаны.

Егер туған егіздер отбасындағы бірінші және екінші балалар болса, жас ана осыған сәйкес, босануға байланысты берілетін бірреттік жәрдемақыны бірінші және екінші балаға берілетін декреттік төлемақылар мөлшерінде алады. Ал Қазақстанда оның көлемі мынадай:

- Бірінші, екінші және үшінші балаға - 38 АЕК (бұл 2018 жылы 91 390 теңгені құрайды) көлемінде төленсе;

- Төртінші және одан кейінгі балаларға — 63 АЕК (151 515 теңге) төлемақы беріледі.

Сәйкесінше:

- Егер егіз балаңыз отбасындағы 1-ші және 2-ші бала болса олар үшін декреттік төлемақы 182 780 теңгені (әр бала үшін 91 390 теңге) құрайды;

- Егер егіздер отбасындағы 2-ші және 3-ші балалар болса, сіз жаңағы сияқты 182 780 теңге (әр бала үшін 91 390 теңге) декреттік төлемақы аласыз.

- Егер егіздер 3-ші және 4-ші балалар болса, үшінші бала үшін 38 АЕК (91 390 теңге), ал төртінші бала үшін 63 АЕК (151 515 теңге) мөлшерінде төлемақы төленіп, нәтижесінде 242 905 теңгені құрайды;

- Егер егіздер отбасындағы 4-ші және 5-ші балалар болса, ел заңнамасына сәйкес әр бала үшін сіз 63 АЕК-ден (151 515 теңгеден), яғни екі бала үшін 303 030 теңге аласыз.

Енді егіз балаға берілетін ай сайынғы бала күтіміне байланысты төлемақыны саралап көрелік:

- Егіздері отбасындағы 1-ші және 2-ші балалар болса, олардың күтіміне 5,76 және 6,81 АЕК-ден, яғни 13 853 және 16 378 теңге, қосындысында ай сайын 30 231 теңге беріледі.

- Егер егіздер 2-ші және 3-ші балалар болса, олардың күтіміне 6,81 және 7,85 АЕК-ден, яғни 16 378 және 18 879 теңгеден, қосындысында ай сайын 35 257 теңге аласыз;

- Егер егіздер 3-ші және 4-ші балалар болса, олардың күтіміне 7,85 және 8,9 АЕК-ден, яғни 18 879 және 21 405 теңгеден, қосындысында ай сайын 42 284 теңге аласыз;

- Егер егіздер 4-ші және одан кейінгі балалар болса, олардың күтіміне 8,9 АЕК-ден, яғни 21 405 теңгеден, қосындысында ай сайын 42 810 теңге аласыз;

Қандай құжаттар тапсырамыз?

Жүктілікке, босануға және бала бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақыны алу үшін Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығына (ЗТМО) тапсырылатын құжаттар (түпнұсқасы мен көшірмесі):

- Жеке куәлік;

- Тұрғылықты мекенжайы бойынша анықтама (ХҚКО-дан алынады, жарамдылығы 10 күн);

- Баланың туу туралы куәлігі;

- Отбасы құрамы туралы анықтама (егер көпбалалы отбасы болса);

- Банк шотының нөмірі (кезкелген банкте ашылады).

- Бір жасқа дейінгі сәбиді асырап алған жағдайда қорғаншылық және қамқоршылық органы беретін асырап алу жөніндегі сот шешімінен үзінді;

- Егер балаға қорғаншылық тағайындалған болса оны нақтылайтын құжат;

- Құжатты өзге адам тапсыратын болса оны міндетті түрде нотариалды түрде куәландыру керек.

- Жұмыс істейтін әйелдер оған акушер-гинеколог немесе дәрігер жазып берген уақытша жұмысқа жарамсыздық парағын қосады.

- Жеке кәсіппен айналысатын әйелдер жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу куәлігі мен салық органдары берген бюджетке міндетті аударымдар мен салық төлегендігі туралы салыстыру актісін тапсырады

Тағы бір айта кетерлік жайт, 2016 жылдың тамыз айында еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрілігінің бұйрығымен аталмыш мәселе бойынша тапсырылатын құжаттар тізімі қысқартылған болатын. Яғни бұдан былай әйелдер соңғы 12 айда алған жалақысы туралы анықтаманы тапсырмайтын болды. Тек жеке куәлігін, жұмысқа жарамсыздық парағы мен банк шотын апарса болғаны. Бұрын бұл үрдістің машақаты көп болған. Атап айтсақ, ЗТМО қызметкері автоматтандырылған жүйедегі әлеуметтік аударымдар мен жүкті әйелдің жұмыс орнынан әкелген анықтамасын салыстырып, сәйкессіздік тапса қайтарып жіберетін. Енді бұл жеңілдеді.

Құжаттар айдың 15-не дейін тапсырылса, ақша келесі айдың 20-на дейінгі уақытта есепшотқа түсіп қоюы керек.

Ер адамдар да алады

Сәби күтіміне байланысты декреттік демалыс пен төлемді сәбидің әкесі де ала алады. Бірақ отағасының жүктілікке және босануға байланысты берілетін бірреттік жәрдемақыны алуға құқы жоқ. Ол тек бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын берілетін әлеуметтік төлемді ғана ала алады.

Мұндай жағдайда егер баланың әкесі жұмыс істейтін болса, ай сайынғы берілетін төлемақы оның жалақысына сәйкес есептеледі. Ол үшін ер адам әйелі сияқты жұмыс орнынан қажетті анықтаманы алып ЗТМО-ға немесе ХҚКО-ға өткізеді. Ал жұмыс істемейтін ер адамның бала күтіміне байланысты ай сайынғы алатын төлемақысы жұмыс істемейтін әйелдердікімен бірдей болады. Оған тапсырылатын құжаттарды жоғарыда көрсетіп кеттік.

Дегенмен, бұл жерде бір түйткілді мәселе бар. Көптеген әйелдер бала күтіміне байланысты берілетін төлемақыны жалақысы жоғары күйеуінің атына ресімдеп, әрі қарай бала күтімімен өзім айналысуды ойлап жатады. Алайда бұл сондайлық оңай емес. Өйткені бала күтіміне байланысты декреттік демалысты ресімдеген ер адамның атына сол аралықта басқа еш жерден жалақы түсіп немесе әлеуметтік аударымдар жасалмауы тиіс. Егер мұндай олқылық анықталса, бала күтіміне байланысты ай сайын берілетін жәрдемақы тоқтатылады. Сондықтан мұндай төлемақыны отағасының атына ресімдемес бұрын кімнің декреттік демалысқа шыққаны пайдалы екенін алдын ала жеті рет өлшеп, бір рет кескеніңіз жөн болар.

***

Біз ұсынған мақаладағы кейбір фактілерді мамандармен нақтылаған жөн. Ол үшін аталмыш төлемақыларды ресімдетуге құжат тапсырмас бұрын Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығына бас сұғып кейбір сандарды қайта есептетіп алғаныңыз дұрыс.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фотосурет elana.kz