Өңірімізде сәби өлімінің алдын алу үшін қанша қаражат бөлініп жатса да, бұл қайғылы статистика төмендер емес. Тіпті 2018 жылдың жартыжылдығында облыс бойынша тіркелген сәби өлімі 1,3 есеге көбейген.
Бұл жайлы ШҚО әкімдігінде өткен отырыс барысында айтылды. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы 1-жартыжылдығын қорытындылаған облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Улакова баяндама барысында медицина сапасының көрсеткіштеріне де тоқтала кетті.
– Аймақ бойынша онкологиялық аурулар мен туберкулезден қайтыс болған тұрғындар саны біршама азайып отыр, – дейді Сәуле Тұмашқызы, - Десе де туберкулез ауруына шалдыққандардың үлесі 7%-ға артқан. Сонымен қатар, қаңтар-маусым айлары аралығында сәби өлімінің 1,3 есеге көбейгені анықталды.
Оның айтуынша, сәби өлімі Ұлан, Глубокое, Аягөз, Шемонаиха аудандары мен Риддер қаласында тіркелген. Семей қаласында да осындай 2 қайғылы оқиға орын алған.
Айта кету керек, өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында жаңа туған 100 сәбидің 7,3%-ы шетінеп кеткен.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ