Семей қаласы АӘК тағайындау бойынша облыста ең үздік

499
көрілім

ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Семей қаласындағы Жұмыспен қамту орталығына барып, тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмыстарының қандай деңгейде атқарылып жатқандығын тексерді. АӘК-ге үміткерлермен кездесіп, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

- Елімізде биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тәртібіндегі адам басына шаққандағы күнкөріс деңгейі 50%-дан 70%-ға өзгерді. Яғни 14 949-дан 20789 теңгеге дейін. Демек, осыдан былай жанұяда жан басына шаққандағы орташа табыс 70%-дың шегінен аспайтын болса, онда әрбір балаға 20 789 теңгеден төленеді, - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары қызмет көрсету сапасы жайлы тыңдап, көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Анықталғандай, Семей қаласындағы Жұмыспен қамту орталығына атаулы әлеуметтік көмек алу үшін күн сайын 60-тан астам адам жүгінеді. Тұрғындар көп күтіп қалмас үшін аталмыш орталық қызметкерлерінің санын екі есеге көбейтуге тапсырма берілді. Бұдан бөлек, орталық әкімшілігіне кезекті бақылау және реттеу жүктелген. Айта кетейік, Семей қаласы АӘК тағайындау бойынша облыс бойынша ең үздік. Мұндағы әр маманның жүктемесі үлкен.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Семей қаласындағы Жұмыспен қамту орталығына 3 978 отбасы өтініш білдірген, оның ішінде 1930 жанұяның АӘК-ге өтініші қабылданса, 1 829 отбасыға 261,7 млн.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.