Семей қаласында қаржылай пирамида құрған әйел адам 43 млн теңге пайда көрген

403
көрілім

Бөтеннің қарызын жауып беруге уәде еткен әйелдің сөзіне сенген жүздеген адам түбінде сан соғып қалған. Банктегі берешегінен құтылуды көздеген көпшілік керісінше одан сайын шығынға батты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Алаяқтықпен ақша табудың амалын ойластырған Нұргүл Айтбекова (аты-жөні өзгертілген) қиын жағдайға тап болған адамдарды тұзаққа түсіруді көздеген. Расымен де сергелдеңде сенделіп, не істерін білмей ойы онға, ақылы алтыға бөлініп жүрген жандар қақпанға тез түседі емес пе? Мұны Нұргүл өте жақсы білетін. Өз жоспарын бүге-шүгесіне дейін ойластырып алған әйел «Банктегі несиелерін жаба алмай жүргендер менің компанияма жүгінсеңіздер болады» деп жар салады. Оның талабы бойынша клиенттер өзінің жалпы берешегінің 30-40%-ын алып келуі керек. Ал содан кейінгі несиенің ай сайынғы төлемін Нұргүл өзіне алады.

Бұған арбалған семейліктер жалған құжатқа қол қойып, әккі әйелге соңғы қаражаттарын бере салған. Әуел басында Нұргүл Айтбекова қылмысы бірден әшкере болмас үшін талай адамнан жиылған сомадан ай сайынғы төлемдерді аударып отырады. Осыны көрген клиенттердің сенімі одан сайын артып, барлығы өздерінің туған-туыс, дос-жаран, тамыр-таныстарына «несиені жабудың жақсы амалы бар» деп әлгі компанияның айын аспанға шығарып тұрып мақтайды. Осылайша семейліктің торына іліккен тұрғындардың саны уақыт өткен сайын арта берді, арта берді. Кейбіреулер тіпті әдейілеп банктен несие алып, ақшаның біраз бөлігін Нұргүлдің қолына ұстатқан.

Бір жылдың ішінде оған 145 адам жүгінген. Жалпы жиылған сома 83 млн теңгеден асады. Оның 40 млн теңгесі несиелердің ай сайынғы берешегін жабуға жұмсалыпты. Ал қалған 43 млн теңге алаяқтың қалтасына кеткен. Сөйтіп, компания клиенттеріне банктерден жаппай ай сайынғы төлем жүргізілмегендігі жайлы ескертулер келе бастайды. Саналарын сары уайым торлаған дүйім жұрт Нұргүл Айтбекованың телефонына қоңырау шалады. Алайда тұтқаны ешкім көтермейді. Ал бір жылдың ішінде миллионер атанған азаматша фирманың жұмысын тоқтатқан.

Осыған байланысты сот ісі Семей қалалық №2 сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өз компаниясының қаржылай пирамида емес, инвестициялық жоба болғандығын айтып, ақталмақ болды.

– Мен бізге құйылған ақшаны компанияны дамытуға жұмсадым. Алайда жолым болмай қалып, шығынға ұшырадым. Жаман ойым мүлде болған емес, – деді Нұргүл.

Десе де істі қараған судья оның бұл сөзі шындыққа жанаспайды деп тапты. Сот үкімімен сотталушы 6 жарым жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін әйел адам жәбірленушілерге келтірілген барлық материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ