Семей қаласында зейнеткерді алдап соққан ер адам сотталды

479
көрілім

Семей қаласында ер адам «Халық банк» бөлімшесіне келген қарт кісіге «зейнетақыңызды шығаруға көмектесейін» деп алдап, 62 мың теңгені қалтаға басқан. Оқиғаның жай-жапсары Семей қалалық №2 сотының іс-материалдарында баяндалған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Оңай жолмен ақша таппақ болған 28 жастағы жігіт Әуезов даңғылында орналасқан «Халық банк» бөлімшесіне барады. Егде жастағы әйел адамның қасына таяп ілтипат көрсеткен семейлік көмек қолын созғысы келетінін айтып сендірген. Алайда айласын асырған алаяқ 62 400 теңгені зейнеткердің шотынан шығарып алып, тайып тұрады.

Арада бір аптаға жуық уақыт өткенде бұрын сотты болған ер адам тағы да бір адамды ағаш аттың басына мінгізіп кетеді. Бейтаныс әйелді әңгімеге тартқан ол «сіздің қызыңыз менің анама ақша қарыз» деп 15 мың теңгені алдап алған.

Осыған байланысты сот ісі Семей қалалық №2 сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындаған. Сот үкімі бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы, 2-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылған сотталушы 3 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан шектелді.