Семей қаласының тұрғыны көлік аламын деп 6 млн.теңгеден аса қаржысынан қағылды

241
көрілім

59 жастағы семейлік әйел алаяқтық оқиғасы бойынша тәртіп сақшыларына шағымданған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тергеу нәтижесінде анықталғандай биылғы жылдың шілде айында өзін "Арай" деп таныстырған әйел адам жәбірленушінің «Лада Приора» және «Лексус GS» маркалы көліктеріне қол жеткізуіне көмектесемін деп сендірген. Арзан бағаға темір тұлпар тауып бермек болған алаяқ әйел ақшаны алып, артынан ізін суытқан. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 6 300 000 теңгені құрады.

– Онымен қоймай ақшасымен қатар жәбірленушінің бүкіл жеке деректері мен құжаттарына қол жеткізген күдікті «тапсырыс берушісінің» атына микронесиелік ұйымдарда несие рәсімдеген. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 27 жастағы еш жерде жұмыс істемейтін семейлік азаматша қамауға алынды. Алдап алған ақшаның барлығын жұмсап үлгергені белгілі болды, – деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік биылдың өзінде ШҚО бойынша 1600 алаяқтық оқиғасы тіркелген.