Семей қаласының тұрғыны Ресейден көлік сатып аламын деп алданып қалды

458
көрілім

Семей қаласының 38 жастағы тұрғыны алаяқтық жасау күдігі бойынша қамауға алынды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Көрші мемлекеттен көлік әкеліп беремін деп өтірік алдаған заңбұзушы алдын ала төлем ретінде 800 мың теңгені қалтасына басып, тайып тұрған. Ресейден темір тұлпар айдап келуге тиісті болған азамат ақшаны алып сол күйі хабарсыз кеткен. Айтқан уәдесін орындауға асықпаған ол, өзінің «тапсырыс берушісімен» қалай да болсын кездеспеу амалдарын жасайды. Осыдан кейін 44 жастағы жәбірленуші әйел полицияға шағымданған. Анықталғандай алаяқ ақшаның барлығын өз кәдесіне жаратқан.

– 38 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық құқықбұзушылық шаралары қарастырылуда. Күдікті кінәсін толық мойындады. Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ