Семей тұрғыны ішіп алып бейтаныс адамның көлігін өртеген

1730
көрілім

Қазан айының 30-ы күні Семей қалалық полиция басқармасы Әуезов полиция бөлімінің «102» жедел арнасына көлік өртенгені туралы хабар түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Берілген мәліметке сүйенсек, қаланың 18 жастағы тұрғыны жүгініп, қазан айының 30-ы күні түнгі уақытта белгісіз біреу үйінің жанында тұрған «Nissan» автокөлігін өртеп жібергенін хабарлаған. Келтірілген залал 1 150 000 теңгені құрады.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері 35 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.

- Тергеу амалдары барысында қаскөй жәбірленушінің әкесімен бірге үйде ішімдік ішкені анықталды. Ішімдік ішу кезінде жанжал шықты. Әкесін қорғаймын деп  де іске араласқан 18 жастағы жәбірленуші кикілжің шығарған адамға пышақ сілтеді. Осы соққының салдарынан 35 жастағы ер адам ашуға булықты. Дереу көшеге шығып, темекісін тұтатып тұқылын жәбірленушіге тиесілі «Nissan Presea» автокөлігінің салонына лақтырған. Дегенмен ызасы тарқамай сол жерде тұрған «ВАЗ-2199» және «Nissan Presea» маркалы тағы 2 көліктің терезелерін сындырып кеткен, - делінген мәліметте. - Содан кейін мас күйінде өзінің көлігіне отырып, үйіне бара жатқанда оны патрульдік наряд тоқтатып, полиция бөліміне жеткізді.

Өрт актісіне сәйкес тілсіз жаудың шығу себебі - өртеу болып шықты.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабының 1-бөлігіне (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оның санкциясында 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.