Семейде діни кітаптар мен иконалар рұқсатсыз саудаланған

909
көрілім

Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қаланың үш тұрғынына діни мақсаттағы заттарды заңсыз сатқаны үшін айыппұл салды. Бұл адамдар белгіленген заңнамалық тәртіпті ескермегендері үшін жауапқа тартылып отыр. Мұндай тауар сәйкесінше рәсімделіп, жергілікті атқарушы органдармен белгіленген арнайы орындарда ғана сатылуға тиіс, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Тұрғын үйде орналасқан кіші-гірім дүкенде өзге тауарлармен қатар иконалар да сатылған екен. Мұндай діни атрибутиканы сатуға тыйым салынбайды, бірақ заңнамада көрсетілген бірқатар талаптар орындалу керек. Сауда орнының 44 жастағы иесі сотта бұл туралы хабардар болмағанын түсіндірді. Нақтырақ айтқанда, ол діни атрибутиканы сатуға рұқсат алмаған.

Жеке кәсіпкер болып табылатын 48 жастағы семейлік азамат арнайы рұқсатсыз иконалар мен діни мазмұндағы кітаптарды саудалаған. Ал оның сауда жасап отырған дүкені діни заттарды сатуға рұқсат етілген арнайы стационарлық ғимараттардың қатарына кірмейді екен.

Тағы бір тәртіпбұзушы 43 жастағы азамат үшінші топтағы мүгедек болып табылады. Пойыздарда ислам қағидалары туралы кітаптар мен кітапшалар сатумен күнін көріп жүрген жайы бар. Кітаптардың мазмұны заңға қайшы келмейді, дегенмен діни символиканы сату тәртібі бұзылып отыр. Бұл азаматтан барлығы 16 кітап тәркіленіп алынды.

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес, мұндай әдебиеттер, басқа да діни мазмұндағы ақпарттық материалдар, діни мақсаттағы заттар тек діни ғимараттар мен діни білім беру мекемелерінде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы орындарда сатылуы тиіс. Ал заңды білмеушілік жауапкершіліктен босатпайтыны белгілі.

Сот шешімі бойынша үшеуі де кінәлі деп табылып, оларға 50 АЕК (113450 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Жеке кәсіпкерлердің қызметі үш айға тоқтатылды. Тәркіленген әдебиеттер мен иконалар иелеріне қайтарылды.